Аюмен селфи жасамақ болған: тауға кеткен турист өлі табылды

08.07.2025 14:14

Қайғылы оқиғаға ер адамның жыртқыштарға тым жақын баруы себеп болған

Photo by Zdeněk Macháček on Unsplash

Италиялық саяхатшы Карпат тауларының румыниялық аумағында аю шабуылынан көз жұмды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

The Telegraph басылымының жазуынша, қайғылы оқиғаға ер адамның жыртқыштарға тым жақын баруы себеп болған. Турист ерекше кадрлар түсіру басын қатерге тіккен.

48 жастағы Омар Фаранг Зин тауда серуендеп жүріп, бір күн бұрын жол жиегінде жүрген аюларды фотоға және бейнежазбаға түсірген. Оның камерасына өз селфиі де түсіп қалған. Кадрдан аюдың бірнеше метр ғана алыста тұрғанын көруге болады.

«Қараңыздаршы, қандай әдемі аю!» – деп сипаттаған ол видеодағы көріністі.

Арада бір күн өткенде ер адам аюларды тағы бір рет сынап көрмек болған. The Telegraph дерегі бойынша, Зин тағы да аюларға жақындап, суретке түсірмек болған. Алайда бұл жолы ол үш күшігімен жүрген аюдың ұрғашысына тап болып, жануар туристке бірден тап берген. Кейіннен ер адамның денесі тау беткейінен 50 метр төмен жерден табылған.

Жергілікті билік пен бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Румынияда мұндай жағдайлар жиі кездесе бастаған. Бұл елде Еуропа Одағындағы қоңыр аюлардың ең көп саны, шамамен 10-13 мыңы шоғырланған. Соңғы жылдары аюлардың адамдарға шабуыл жасауы жиілеген. Мәселен, биыл мамыр айында осы өңірде бір тәулік ішінде Испания, Польша және Германия азаматтарына қарсы үш бірдей шабуыл тіркелген.

Румын билігі бұл мәселені шешу үшін түрлі шара қабылдап жатыр. Соның бірі – аюларды атуға берілетін квотаны арттыру. Алайда Дүниежүзілік жабайы табиғатты қорғау қоры (WWF) белсенділерінің пікірінше, мәселе аңдарда емес, адамдардың өз әрекетінен болып жатыр.

«Біздің негізгі проблемамыз – аюлар адамдардың жақын жүргеніне үйреніп кетті. Олар адамды жеңіл тамақ көзі ретінде қабылдай бастады. Туристер аюларды селфи үшін тамақтандырып жатады. Мұндай әрекетке дереу тыйым салу керек», – дейді WWF Румыниядағы өкілі Кристиан Папп.

Оның айтуынша, бұл аймақта аюларға жақындамау және оларды тамақтандырмау жөнінде арнайы ескерту белгілері орнатылған.

Оқи отырыңыз: Тауық етінен арзан бола ма: министр киік етінің бағасы қанша болатынын айтты