Оған берілген дауыстар саны Камала Харристен басым түсті
АҚШ-тағы президент сайлауында Республикалық партия атынан президенттікке үміткер Дональд Трамп бүгін, яғни 6 қарашада Флоридадағы жақтастары алдында сөйлеген сөзінде сайлауда жеңіске жеткенін жариялады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Дональд Трамптың сөйлеген сөзін оқиға орнынан Fox Business арнасы YouTube-те көрсетті.
Саясаткер өзінің президенттік бәсекедегі нәтижесін "АҚШ тарихында бұрын-соңды болмаған саяси жеңіс" деп атады. Сонымен қатар ол өзінің ел басқаратын мерзімі АҚШ тарихындағы "шынайы алтын дәуір" болатынына уәде берді.
"Америка халқына алғыс айтқым келеді. Қырық жетінші және қырық бесінші президент болып таңдалу мен үшін зор мәртебе", - деді Трамп америкалықтарға дауыс бергені үшін алғысын білдіріп.
Саясаткер өз сөзінде осы сайлауда 315-тен астам дауысын жеңіп алатынына сенім білдірді және өзін АҚШ-тың 47-ші президенті деп атады. Оның жеке болжамы бойынша, республикашылдар Өкілдер палатасына бақылауды сақтап, сенатта көпшілік орынға ие болады.
Айта кетейік, Сальвадор президенті Найиб Букеле мен саяси қайраткер кіші Роберт Кеннеди Трампты жеңіске жетуімен құттықтап үлгерді. Сондай-ақ кеше америкалық миллиардер Илон Маск Трампты қолдап дауыс берген болатын.
Оқи отырыңыз: Францияның әйгілі Гиме музейінде «Қазақстан: Ұлы дала жауһарлары» көрмесі ашылды