Мундиальдағы тарихи нәтиже, Мохаммед Салахтың голы және G тобындағы жағдай туралы оқыңыз
Мысыр құрамасы әлем чемпионатының финалдық кезеңінде өз тарихындағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Африкалық ұжым Канаданың Ванкувер қаласындағы «BC Place» стадионында өткен матчта Жаңа Зеландиядан басым түсті. Ойын 3:1 есебімен аяқталды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Есепті 15-минутта Финн Серманның соққан добының арқасында жаңазеландиялықтар ашты. Алайда екінші таймда мысырлықтар ойын ағымын өзгерте алды. Алдымен 58-минутта Мостафа Зико таразы басын теңестірсе, тоғыз минуттан кейін Мохаммед Салах өз құрамасын алға шығарды. Ал кездесудің нүктесін 82-минутта Трезеге қойды.
Айта кетерлігі, екінші голдың авторы Зиконың лақап аты ойыншының шын тегі Закидің (Zaki) әйгілі бразилиялық футболшы Зиконың (Zico) есіміне ұқсас болуынан шыққан. Үшінші голдың авторы Трезегенің жағдайы да осыған ұқсас. Ол тоғыз жаста болғанда, бапкері оның әйгілі француз шабуылшысы Давид Трезегеге ұқсайтынын байқап, оған сәйкес лақап ат берген екен.
Осы күнге дейін Мысыр құрамасы мундиальдарда сегіз кездесу өткізген болатын. Команданың еншісінде үш тең ойын мен бес жеңіліс бар еді. Енді бұл сәтсіз серия артта қалды.
Жаңазеландиялықтар үшін бұл дода карьерасындағы үшінші турнир болды. Қызығы, олардың әлем біріншіліктеріндегі төрт матчқа созылған (ӘЧ-2010-дағы үш тең ойын және осы турнирдің бірінші турындағы бір тең ойын) жеңіліссіз сериясы да келмеске кетті.
G тобында екі турдан кейін 4 ұпай жинаған Мысыр өкілдері көш бастап тұр. Одан кейін Иран мен Бельгия (2 ұпайдан) келеді, ал топтың соңында Жаңа Зеландия командасы (1 ұпай) жайғасқан. Соңғы раундта мысырлықтар Иранмен, ал бельгиялықтар жаңазеландиялықтармен кездеседі.
Оқи отырыңыз: Әуеден әрекет етуге дайындық: ІІМ-де дрон операторларын оқыту зертханасы ашылды