Францияда тұтқын түрмеден қашып кетті

14.07.2025 09:00

Жас жігіт адам саудасы мен ұрлық сияқты бірнеше қылмыс үшін сотталған және ұйымдасқан қылмыстық топпен байланысы бар деген күдікпен тергеліп жатқан

Grant Durr/unsplash.com/

Францияның оңтүстік-шығысындағы Корба қаласындағы түрмеде 20 жастағы тұтқын ерекше жолмен қашып кетті — ол жаза мерзімі аяқталып, бостандыққа шыққан камераласының зат салған сөмкесіне жасырынып шыққан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Бұл туралы BFMTV телеарнасы хабарлады.

Қашу дерегі түрме әкімшілігіне тек келесі күні ғана белгілі болған.

Жас жігіт адам саудасы мен ұрлық сияқты бірнеше қылмыс үшін сотталған және ұйымдасқан қылмыстық топпен байланысы бар деген күдікпен тергеліп жатқан. Ол отырған камерада тағы екі тұтқын болған, солардың бірі 11 шілдеде босатылған.

Оқиғаға байланысты түрме ішіндегі тексеріс басталды. Түрме басшысы Себастьен Ковэль BFMTV-ге берген сұхбатында бұл оқиғаны «өте сирек кездесетін жағдай» деп бағалап, ол «бірқатар ауыр заңбұзушылықтың белгісі» екенін айтты.

Қашу фактісін түрме әкімшілігі орын тапшылығына байланысты байқамай қалған болуы мүмкін. Түрме өкілі BFMTV-ге берген мәліметінде мекеме 170% толғанын жеткізді.

Сонымен қатар, Францияның Рона департаментіндегі Ұлттық полицияның ведомствоаралық басқармасы (DIPN) қашуға қатысты тергеу жүргізіп жатыр.

 Оқи отырыңыз: Қостанай облысында суға кеткен көліктен үш адамның денесі табылды