Гонконгтағы алапат өрттен 128 адам қаза тапты

28.11.2025 20:21

Шамамен 200 адам із-түзсіз жоғалып кеткен

Reuters

Гонконгтың солтүстігіндегі Wang Fuk Court тұрғын кешеніндегі жойқын өрт толық сөндірілді. Соңғы мәлімет бойынша, кемінде 128 адам қаза тапты, жүзден астам адам жараланған, шамамен тағы 200 адам із-түзсіз жоғалып кеткен. Құрбандардың арасында бір өрт сөндіруші бар, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Би-би-си агенттігінің хабарлауынша, билік өрттің не себепті тез таралғанын анықтау үшін арнайы комиссия құрды. Алдын ала мәліметке сәйкес, өрт төменгі қабаттардағы құрылысқа арналған қорғау торының тұтануынан басталған. Оттың лезде жайылуына пластикалық қаптама панельдері мен бамбуктан жасалған құрылыс жабдықтары ықпал еткен болуы мүмкін.

Полиция өртті құрылыс компаниясының немқұрайлығы салдарынан болған техногендік апат деп қарастырып жатыр. Оқиғаға байланысты 52-68 жас аралығындағы үш адам - компанияның екі басшысы және инженер-құрылысшы абайсызда адам өлтіру күдігімен ұсталды.

Өрт жеті биік корпусқа таралып, оны сөндіруге 700-ден астам қызметкер жұмылдырылды. Келесі күні де бірнеше ошақты толық өшіру жалғасқан.

Оқи отырыңыз: Ұлытау облысында зымыран бөлшектері табылды