Грузияда құлаған түркиялық ұшақтағы 20 адамның денесі табылды

13.11.2025 18:21

Іздестіру және тергеу жұмыстарына мыңнан астам адам қатысқан

Видеодан кадр / © TV Imedi

Грузия мен Түркияның тиісті ведомстволарының бірлескен үш күндік іздестіру-құтқару жұмыстарының нәтижесінде Сигнахи ауданы аумағында құлаған түрік әскери ұшағының бортында болған барлық 20 адамның мәйіті табылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Синьхуа агенттігінің хабарлауынша, Грузия Ішкі істер министрлігі 19 мәйіттің сәрсенбі күні мәйітханаға жеткізілгенін, тағы бір адамның денесі бейсенбі таңертең табылғанын растаған.

«Оқиға орнында криминалистер мен тергеу тобы жұмысын жалғастырып жатыр. Тергеуге қажет ұшақтың барлық техникалық бөлігі мен фрагменттері табылып, сараптамаға жіберілді», - деді елдің ішкі істер министрі Гека Геладзе.

Министрдің айтуынша, іздестіру және тергеу жұмыстарына мыңнан астам адам қатысқан. Олардың қатарында Грузия ІІМ мен қорғаныс күштерінің қызметкерлері, сондай-ақ Түркия өкілдері болған.

Қос елдің билігі ұшақ апатының себептерін анықтау бойынша бірлескен тергеуді жалғастырып жатыр.

Алдын ала мәлімет бойынша, Түркия әскери ұшағы сейсенбі күні Грузияның Сигнаг муниципалитеті аумағында, Грузия мен Әзербайжан шекарасынан шамамен 5 шақырым жерде апатқа ұшыраған. Ұшақ Әзербайжаннан Түркияға бағыт алған.

Оқи отырыңыз: Прокурор Яна Легкодимованы өлтіргендерді өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады