Испаниядағы су тасқынының салдары: жүздеген мың адам наразылыққа шықты

10.11.2024 12:54

Табиғат апатынан қаза тапқандар саны 223-ке жетті

REUTERS/ Ana Beltran

Мадрид пен Валенсияда мыңдаған адам су тасқынына байланысты Испания үкіметіне наразылық білдіріп, көшеге шықты, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Бұл туралы "Известия" басылымы жергілікті БАҚ-қа сілтеме жасап хабарлады.

Испаниялық 20 minutos газетінің хабарлауынша, Испаниядағы Министрлер кабинетіне қарсылық білдірген 40-қа жуық қоғамдық және азаматтық ұйым ұйымдастырған жаппай шеруге Валенсияда 130 мыңға жуық адам қатысты. 

"Шерушілер аймақтық үкімет басшысы Карлос Мейсонға қарсы шығып, елдегі су тасқынының жойқын зардаптарына байланысты оның отставкаға кетуін талап еткен. Сондай-ақ митингте тұрғындар қайғылы оқиғада қаза тапқандарды еске алды", - делінген хабарламада.

Желі қолданушылары Испанияда акцияға қатысушылар мен тәртіп сақшылары арасында қақтығыс болғанын хабарлады.

Соңғы мәліметтер бойынша, Испаниядағы су тасқынынан қаза тапқандардың саны 223-ке жетті, зардап шеккендердің басым көпшілігі Валенсияда тіркелген. 29 қазанда Испанияның мемлекеттік метеорологиялық агенттігі толассыз жауған жаңбыр салдарынан елдің әртүрлі аймағында ауа райының күрт нашарлайтынын ескертті. Корольдіктің оңтүстігі мен шығысында жауын-шашын салдарынан ауа райының қаупі максималды деңгейге көтерілді.

Оқи отырыңыз: Мысырда автобус аударылып, қазақстандық туристер зардап шекті