Құрылыс краны пойыздың үстіне құлап, 22 адам қаза тапты

14.01.2026 11:18

Сондай-ақ тағы 70 адам түрлі деңгейде жарақат алды

ThaiEnquirer / X әлеуметтік желісі

Тайландта құрылыс краны жолаушылар пойызының үстіне құлап, соның салдарынан 22 адам қаза тапты. Сондай-ақ тағы 70 адам түрлі деңгейде жарақат алды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Khaosod басылымының хабарлауынша, қайғылы оқиға Накхонратчасима провинциясындағы жоғары жылдамдықты теміржол желісінде болған.

Биіктігі шамамен тоғыз метр болатын кран Бангкоктан Убонратчатхани провинциясына бағыт алған жолаушылар пойызына құлаған. Апат кезінде жүк көтергіш құрылыс жұмыстарына пайдаланылып жатқан.

"Пойыздың бірінші вагоны қауіпті аймақтан өтіп үлгергенімен, кран екінші және үшінші вагондардың үстіне құлаған. Соның салдарынан екі вагон рельстен шығып, олардың бірінде өрт тұтанған. Пойызда барлығы 190 жолаушы болған", - делінген хабарламада.

Қаза тапқандардың көпшілігі қатты бүлінген вагондардың ішінде қысылып қалған. Ал жарақат алған 70 адам ауруханаға жеткізілді, олардың 20-сының жағдайы ауыр. Ауыр жарақат алған науқастарды орталық ауруханаға ауыстыруға дайындық жүргізіліп жатыр.

Оқи отырыңыз: Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қару-жарақ тәркіленді - ІІМ