Қытайда шахтадағы жарылыс салдарынан 90 кенші қаза тапты

23.05.2026 16:47

Жарылыс болған сәтте жер астында 247 жұмысшы болған

Depositphotos.com

Қытайдың солтүстігіндегі Шаньси провинциясында орналасқан көмір шахтасында болған жарылыс салдарынан қаза тапқандар саны 90 адамға жетті, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Қытайдың орталық телеарнасы таратқан мәліметке сәйкес, тағы тоғыз кенші үйінді астында қалып қойған. Ал 123 адам түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілген. Зардап шеккендердің екеуінің жағдайы ауыр, тағы екеуі жансақтау бөлімінде жатыр. 33 адамға медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйлеріне жіберілген.

Апат 22 мамыр кешінде Циньюань уезіндегі «Люшэньюй» көмір шахтасында болған. Жарылыс алдында шахтада газдың таралу қаупі туралы ескерту жасалғаны белгілі болды.

Сол сәтте жер астында 247 жұмысшы болған. Құтқарушылар 201 адамды эвакуациялап үлгерген.

Алдын ала мәлімет бойынша, кеншілердің қаза болуына көмірқышқыл газы деңгейінің шектен тыс көтерілуі себеп болуы мүмкін. Алайда апаттың нақты себебі әлі анықталған жоқ.

Оқиға орнында ауқымды іздестіру-құтқару операциясы жүргізіліп жатыр. Оған жүздеген маман жұмылдырылған.

Си Цзиньпин жауапты органдарға апаттың мән-жайын мұқият тексеріп, кінәлілерді заң аясында жауапқа тартуды тапсырды.

Оқи отырыңыз: Алматыда біржақты қозғалыс енгізілетін жаңа учаскелер анықталды