Көзі көрмейтін мас жүргізуші тасжолмен 240 шақырым жүріп өткен
Ол жанармай құю бекетіне де тоқтап, көлігінің багын толтырған
Англияның Хаддерсфилд қаласында тұратын 50 жастағы ер адам мас күйде әрі жүргізуші куәлігінсіз көлік айдап, тасжолмен 241 шақырым жүріп өткен. Оның үстіне, ер адамның көру қабілеті екі жыл бұрын толық дерлік жоғалған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оқиға M6 тасжолында болған. Карлайл маңында кезекшілік атқарған полиция қызметкерлері жолақтан жолаққа ауысып келе жатқан Opel Meriva көлігін байқап, тоқтатқан. Тексеру кезінде жүргізушінің мас екені, жүргізуші куәлігі мен көлікті сақтандыру құжаты жоқ екені анықталған. Сондай-ақ оның көру қабілеті өте нашар болған.
50 жастағы Энтони Холл сотта мас күйде көлік жүргізгенін, жүргізуші куәлігінсіз және сақтандырусыз көлік басқарғанын, сондай-ақ серіктесінің көлігін оның рұқсатынсыз алып кеткенін мойындаған.
Сотта айтылғандай, ол серіктесімен бірге төрт бөтелке шарап ішкеннен кейін Шотландияға қарай жолға шыққан. Ер адам өмір бойы көлік жөндеу саласында жұмыс істегендіктен, жүргізуді білетінін айтқан. Алайда екі жыл бұрын көру қабілетінен айырылғаны оған кедергі болмаған.
Полиция мәліметінше, Холл тасжол бойындағы жанармай құю бекетіне де тоқтап, көлігінің багын толтырған. Оған бекет қызметкерлері көмектескенімен, жүргізушінің мас күйде екені немесе көру қабілетінің нашарлығы туралы ешкім хабарламаған.
Холлдың айтуынша, ол түнде жүк көлігінің артқы шамдарына қарап жүрген. Соған қарамастан, көлікті жолақта ұстай алмай, жол жиегіне шығып кеткен. Сот оны 36 аптаға түрмеге қамау туралы үкім шығарды, бірақ жазаны 18 айға шегерді. Сондай-ақ 90 күн алкоголь ішпеуге және оңалту бағдарламасынан өтуге міндеттеді.
Оқи отырыңыз: Интернеттен тауар сатып алғанда, қосымша төлемдерден қалай сақтануға болады