Әлемдегі ең қарт марафоншы қайтыс болды

16.07.2025 15:28

Дүйсенбі күні Пенджабтағы Беас Пинд ауылында ол жолды кесіп өтіп бара жатқанда көлік қағып кеткен

Miguel A Amutio/ unsplash.com/

114 жастағы британдық марафоншы Фауджа Сингх жолдан өтпек болғанда көлік қағып кетіп, қайтыс болды,  деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.

Марафоншы 101 жасында әлемдегі ең қарт марафоншы атанған.

Үндістандық БАҚ-тың хабарлауынша, дүйсенбі күні Пенджабтағы Беас Пинд ауылында ол жолды кесіп өтіп бара жатқанда көлік қағып кеткен.

1992 жылдан бері Ұлыбританияның Илфорд қаласында тұрып келген Сингх 89 жасында марафондарға қатысып, халықаралық спорт сахнасына шықты.

Ол 101 жасына дейін жарыстарға белсене қатысқан. Марафоншы Ұлыбритания патшайымы Елизавета ІІ-ден жеке хат алып, Гиннестің рекордтар кітабы тарапынан марапатталды. 

2012 жылғы Лондон Олимпиадасының алауын ұстаушылардың бірі болды.

Айта кетейік, Фауджа Сингхтің балалық шағында денсаулығы әлсіз болған. Ол бес жасқа дейін жүре алмаған.

1990 жылдары Лондонға көшкеннен кейін, жұбайы қайтыс болған соң 2000 жылы жүгірумен айналыса бастаған.

90 жасында ол Лондон марафонын 6 сағат 54 минутта аяқтап, 90 жастан асқандар арасындағы рекордты жаңартты.

Ең үздік нәтижені 2003 жылы Торонто марафонында көрсеткен. Сол кезде жарысты 5 сағат 40 минутта аяқтады.

100 жасында да ол жүгіруді тоқтатпаған. 2011 жылы марафонды жүгіріп өткен алғашқы ғасыр адамы болуға тырысты.

Жарыстан кейін Гиннес рекордтар кітабы бұл жетістікті "шабыттандыратын оқиға" деп атады. Бірақ Сингхтің туу туралы куәлігінің болмауына байланысты ресми тіркей алмады. Ол Үндістанда ХХ ғасырдың басында дүниеге келгендіктен, құжаттары болмаған. Дегенмен, төлқұжатында туған күні 1911 жылғы 1 сәуір деп көрсетілген.

Бірнеше жарыстан кейін, ол 101 жасында ресми түрде спорттан зейнетке шықты.

Ұлыбритания парламентінің мүшесі Прит Каур Гилл X әлеуметтік желісінде оның жанкүйерлеріне көңіл айтты. 

Фауджа Сингхтің қазасы туралы хабар қабырғамды қайыстырды. Онымен кездесу бақыты бұйырды. Ол шынында да шабыт беретін адам еді. Оның тәртібі, қарапайым өмірі және кішіпейілділігі маған үлкен әсер қалдырды. Жасыңыз қаншада екені маңызды емес, бастысы өмірге деген көзқарас. Жатқан жеріңіз жайлы болсын, аңыз адам!, - деп жазған Прит Каур Гилл.

Тағы бір депутат Джас Атвал да атақты марафоншыны қимастықпен еске алды. 

Сардар Фауджа Сингх Джидің қайтыс болғаны туралы естіп, терең қайғырып отырмын. Ол нағыз аңыз. 101 жасқа дейін жүгірген адам. Ол бүкіл әлемдегі миллиондаған адамға үлгі болған мақтаныш. Оның рухы мен табандылығы мәңгі есте сақталады. Отбасы мен жақындарына шын жүректен көңіл айтамын. Біз оны қатты сағынатын боламыз, - деп жазды депутат.

Оқи отырыңыз: Абай облысында қызметкерлерін таспен қуған жүрген полиция бастығы жұмысынан қуылды