Көлік жүргізу кезінде музыка тыңдау жүргізушілердің мінез-құлқына әсер етеді. Алайда бұл ықпалды біржақты оң немесе теріс деп бағалау қиын, - деп хабарлайды Almaty.tv.
Осындай қорытындыға ондаған ғылыми зерттеудің деректерін талдаған ғалымдар келді. Зерттеу нәтижелері Science X платформасында жарияланған.
Жиналған мәліметтерге сәйкес, жүргізушілердің 80 пайыздан астамы жолға шыққанда музыка қосады. Әсіресе, тәжірибесі аз жүргізушілер толық тыныштықта зейін қою қиын екенін мойындаған. Музыка шынымен де рөлдегі көңіл күйді жақсарта алады, алайда сонымен қатар көлікті басқаруға қатысты бірқатар маңызды көрсеткіштерді нашарлатуы мүмкін.
Зерттеулер көрсеткендей, музыка тыңдайтын жүргізушілер апатты жағдайларға жиі тап болады, арақашықтықты дәл сақтамайды және жылдамдықты бақылауы әлсірейді. Бұған қоса, музыканың психологиялық кернеуді арттыруы да мүмкін.
Сонымен бірге, оның оң әсері де бар: бірсарынды жол учаскелерінде музыка шаршаумен күресуге көмектеседі. Алайда бұл әсер уақытша сипатқа ие және шамамен 15–25 минутқа ғана созылады. Қатты музыка, әдетте, жылдамдықтың сәл артуына алып келсе, баяу әуендер сабырлы жүргізу мәнерімен байланысты.
Зерттеу барысында жүргізуші өзі таңдаған әрі бұрыннан таныс әуендер зейінді азырақ бөлетіні анықталған. Ал бейтаныс немесе жағымсыз музыкалар қателіктердің көбеюіне және назардың төмендеуіне жиі себеп болады.
Ең осал топ ретінде жүргізу тәжірибесі аз жүргізушілер танылды. Оларда, әсіресе, қарқынды немесе агрессивті музыка менталдық жүктемені арттырып, жылдамдықтың өсуіне және қауіпті жағдайларды дер кезінде байқай алмауға әкеледі. Ал тәжірибелі жүргізушілерде мұндай әсерлер байқалмаған.