Нигерияда жанармай таситын көлік жарылып, 100-ден астам адам қаза тапты

16.10.2024 18:44

Қайғылы оқиғадан кем дегенде 50 адам зардап шекті

thewhistler.ng

Нигерияның солтүстігінде жанармай таситын көлік жарылып, 105 адам қаза тапты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұл туралы CNN жергілікті полицияның дереккөзіне сілтеме жасап хабарлады.

«Нигерияның солтүстігінде жанармай алу үшін жиналған жергілікті тұрғындардың дәл жанында тұрған жанармай таситын көлік жарылып, 105 адам қаза тапты, кем дегенде 50 адам зардап шекті», - делінген хабарламада.

Жергілікті уақыт бойынша сейсенбі күні кешке Джигава штатындағы Маджия ауылында болған жарылыстан кейін қаза тапқандар саны әлі де артуы мүмкін.

«Басқа жүк көлігін басып озуға әрекеттенген кезде жанармай таситын көліктің жүргізушісі рөлді басқара алмай қалып, цистерна аударылып кеткен. Соның салдарынан жанармай дренаждық шұңқырға төгілген», - деді Джигава полициясының өкілі Шиису Лован Адам.

Сол кезде тұрғындар цистерна жарылмай тұрып төгілген жанармайды жинап алу үшін оқиға орнына қарай жүгірген. Алайда көп ұзамай болған жарылыстың соңы екі сағаттық алапат өртке ұласып, көптеген адамның өмірін қиған.  

Оқи отырыңыз: Қытайда 5 мың жылдық бейіт табылды