Оңтүстік Кореяда құрылыс алаңында Қазақстан азаматы қаза тапты
Марқұмның жасы шамамен 30-да
Оңтүстік Кореяда құрылыс жұмыстары кезінде Қазақстан азаматы қаза тапты. Жергілікті Yonhap агенттігінің мәліметінше, қайғылы оқиға 29 қыркүйекте болған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алдын ала ақпарат бойынша, бетон төбенің бір бөлігі опырылып, Қазақстан азаматы оның астында қалып қойған болуы мүмкін.
Марқұмның жасы шамамен 30-да. Ол ғимараттың 23-қабатында тазалау жұмыстарын күтіп отырған.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі отандасымыздың қаза болғанын растады. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
– Корея Республикасының құзырлы органдары оқиғаға қатысты тергеуді бастады. Қазақстандық дипломаттар марқұмның туыстарымен байланыс орнатып, оларға консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатыр, – деп хабарлады ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.