Жол полициясы бұл заңбұзушылықтарды көлікті кездейсоқ тексеру кезінде анықтап, аң-таң болған
Францияның Рона аймағында 28 жылдан бері жүргізуші куәлігінсіз, көлік сақтандыруынсыз және техникалық тексерусіз көлік жүргізіп келген ер адам анықталды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Оuest-france.fr басылымының жазуынша, полиция көлікті техникалық тексеру мерзімі өтіп кеткені үшін тоқтатқан. Бірақ құжаттарды тексеру барысында жүргізушінің жүргізуші куәлігі 1997 жылы мас күйінде көлік айдағаны үшін күшін жойғаны белгілі болған. Ер адам содан бері құжаттарын қалпына келтірмеген болып шықты.
Ол полицияға өз куәлігін "қолданыс мерзімі өткен, бірақ әлі жеуге жарамды йогуртпен" салыстырып, жағдайды бейқам түсіндіріп берген. Алайда полиция оның бұл әрекетін жауапкершіліктен жалтару деп бағалап, оны сотқа берді.
«Бастапқыда біз көліктің сақтандырылмағанын анықтап, құжаттарын тексермек болдық. Бірақ жүргізуші куәлігін тексергенде, шалқамыздан түсе жаздадық. Ол 1997 жылдан бері заңсыз көлік жүргізіп келген екен!» - деп пікір білдіреді полиция өкілдері.
Бұл жағдай Францияда жол қауіпсіздігіне қатысты жүйелерді қатаңдату қажеттігін көрсетті. Отыз жылға жуық уақыт бойы еш құжатсыз көлікті емін-еркін жүргізіп келген тұрғын қулығы үшін марапат алмайтыны белгілі. Енді жүргізушіге айыппұл салынып, ісі сотта қаралатын болды.
Оқи отырыңыз: Смартфонға тәуелділік: Жапонияда басы салбырап қалған жігітке күрделі ота жасалды