2027 жылдың қыркүйегінен бастап Англия мектептерінің оқушыларына смартфондарын қалтада немесе мектеп сөмкесінде ұстауға тыйым салынады. Жаңа ережелер білім беру ұйымдарында мобильді құрылғыларды пайдалануға қатысты шектеулердің келесі кезеңі болмақ, - деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Хабр басылымына сілтеме жасап.
2026 жылдың маусым айының соңында елде мектептерде телефон пайдалануға тыйым салуды міндеттейтін заң күшіне енді. Алайда көптеген оқу орындарында смартфондарды өшіріп, сөмкеде немесе қалтада сақтаған жағдайда мектепке алып келуге әлі де рұқсат етілген.
Дегенмен, үкімет жүргізген сауалнама нәтижесі бойынша, орта мектеп оқушыларының тек 16 пайызы ғана қатарластарының осы талаптарды сақтайтынына сенімді. Осыған байланысты Ұлыбританияның білім министрі Люси Пауэлл мектептерді мобильді құрылғыларды сөмке мен қалтада сақтауға да толық тыйым салуға шақырды.
2027 жылдың күзінде жаңа талаптар күшіне енгеннен кейін оқушылар телефондарын арнайы сигнал өткізбейтін қаптарға салуға, оқу күні басталғанда құрылғыларын құлыпталатын шкафтарға тапсыруға немесе смартфондарын мектеп аумағына мүлде алып келмеуге мәжбүр болады.
Сонымен қатар Англия мектеп басшылары кәсіподақтарының өкілдері жаңа талаптарды енгізуге кететін шығынға алаңдаушылық білдіріп отыр. Олардың пікірінше, мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсетілмесе, оқу орындары қажетті жағдайларды қамтамасыз етуде қиындықтарға тап болуы мүмкін.
Мысал ретінде Бернаж ұлдар академиясы келтіріледі. Бұл оқу орны сыныптарда смартфон пайдалануға жол бермеу үшін металл іздегіш құрылғылар орнатуға және арнайы қаптар сатып алуға шамамен 20 мың фунт стерлинг жұмсаған.
Англия – мектеп оқушыларының жеке смартфондарын пайдалануына шектеу енгізіп жатқан жалғыз ел емес. Бұған дейін БҰҰ мектептерде мобильді құрылғыларды қолданудың ықтимал қауіптері туралы ескерткен болатын. Осындай шектеулер Франция, Финляндия және Нидерланд елдерінде де қолданылады. Сонымен қатар АҚШ-тың 46 штатында мемлекеттік мектептерде смартфон пайдалануды реттейтін заңдар қабылданған.
Смартфондар мен әлеуметтік желілердің жасөспірімдерге әсері туралы пікірталастар әлеуметтік психологтар Джонатан Хайдт пен Джин Твенге еңбектерінен кейін де кеңінен талқылана бастады. Зерттеушілер бұл технологиялардың таралуын жасөспірімдердің психикалық денсаулығының айтарлықтай нашарлауымен байланыстырады.