Стамбұлда VII Халықаралық түркітілдес журналистер медиафорумы өз жұмысын бастады
Стамбұл қаласында «Түркі әлемінің ортақ медиа кеңістігі: цифрлық интеграция мен жаңа мүмкіндіктер» тақырыбына арналған VII Халықаралық түркітілдес журналистер медиафорумының салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ауқымды шара түркі дүниесінің белгілі қаламгерлері мен медиа саласы өкілдерінің басын қосты. Негізгі мақсат — түбі бір түркі халықтарының ортақ құндылықтарын дәріптеу, журналистер арасындағы ынтымақтастықты нығайту және ақпараттық саладағы соны бастамаларға жол ашу.
Қазіргі ақпараттық дәуірде медианың жауапкершілігі арта түскенін ескере отырып, форум қатысушылары ақпараттық қауіпсіздік, цифрлық интеграция, жасанды интеллектті қолдану, дәстүрлі БАҚ-тың трансформациясы, өңірлік медианың экономикалық тұрақтылығы, сондай-ақ түркі брендтерін қалыптастыру мәселелерін кеңінен талқылайды. Жиында түркі мемлекеттері арасындағы тікелей ақпарат алмасуды жоғары деңгейге көтеру, бірлескен сапалы контент өндіру және кәсіби медиа желілерді дамыту қажеттілігіне ерекше назар аударылды.
Форум аясында тараптар бірлескен телебағдарламалар, деректі фильмдер, ақпараттық платформалар, журналистік зерттеулер мен білім беру жобаларын жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Сондай-ақ жас мамандардың кәсіби білімін жетілдіріп, халықаралық деңгейде жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін ортақ медиа мектебін құру бастамасы көтерілді.
Халықаралық жиынды ұйымдастыруға көптеген жылдар бойы түркі елдерінің медиа байланысын дамытып келе жатқан Қазақстандағы Түркітілдес журналистер қоры мен Қазақстан Әйел журналистер клубы, сондай-ақ Стамбұлдағы Kültürel Mirası Koruma ve Yaşatma Derneği ұйымы мен Фатих муниципалитеті ұтқыр үлес қосты. VII Халықаралық түркітілдес журналистер медиафорумы жаңа идеялардың, берік серіктестіктің және ортақ тарихи бастамалардың тиімді алаңына айналады деп күтілуде.