Түркия Күрдістан жұмысшы партиясына қарсы соққы жасады – шетел жаңалықтары

Видеодан кадр
Видеодан кадр

Қаза тапқандар жайлы ақпарат жоқ

 

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Түркияның әскери әуе күштері Күрдістан жұмысшы партиясына қарсы соққы жасады. Елдің қорғаныс министрлігі бұл кеше Анкарада 5 адам қаза тапқан терактіге қарсы жауап ретінде жасалған шабуылдар деді. Ал Израиль Ливандағы Дахия ауданында орналасқан “Al Mayadeen” телеарнасының кеңсесіне әуе соққысын жаудырды. Қаза тапқандар жайлы ақпарат жоқ, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Анкара маңындағы TUSAS аэроғарыштық кәсіпорнының ғимаратында террорлық актінің салдарынан бес адам қаза тауып, 22 азамат зардап шекті. Жанкешті-лаңкес компания аумағына жасырын еніп, өзін-өзі жарып жіберген көрінеді. Түркияның әскери күштерінің мәліметіне сәйкес, бұл шабуылды Күрдістан жұмысшы партиясының мүшелері ұйымдастырды деген күдік бар. Қазақстан Сыртқы істер министрлігі бұл қайғылы жағдайдан қазақстандықтар зардап шеккен жоқ деп хабарлады.

Бұл соққыдан соң Түрік күштері Сирия мен Ирактағы күрдтердің 32 нысанына оқ жаудырды. Түркияның Қорғаныс министрлігі мәлім еткендей, әуе операциясының мақсаты – БҰҰ Жарғысының 51-бабынан сәйкес, өзін-өзі қорғау құқығы негізінде және өзге де террористік қозғалыс пен лаңкестік шабуылдардың алдын алу үшін жасалып отыр.

Таяу Шығыстағы тағы бір аумақ соққы астында қалды. Израиль әскери ұшақтары Ливанның Дахияға жақын орналасқан Эль-Дженах елдімекеніндегі “Al Mayadeen” телеарнасының кеңсесіне екі зымыран жіберді. Ғимарат толықтай қирап, өрт шықты. Телеарна басшылығы шабуыл басталмай эвакуацияланып, қызметкерлерді шығарып үлгергені хабарланды. Қаза тапқандар жайлы ақпарат жоқ.

Сұрапыл дауылмен күрескен Филиппин елінде бірнеше адам хабар-ошарсыз кетті. «Трами» тропикалық құйыны салдарынан 24-тен аса адам көз жұмған. Жергілікті полицияның мәліметінше, қаза тапқандардың барлығы Лусон аралының оңтүстігіндегі Бикол аймағының тұрғындары болған, ол жерде нөсер жауын су тасқынына әкелген. Филиппиннің Ұлттық метеорологиялық бюросының хабарлауынша, «Трами» дауылының эпицентріндегі желдің жылдамдығы сағатына 85 км-ге жеткен.

Әйкерім Пернебек, Рамазан Өмен, Аlmaty TV

Оқи отырыңыз: АҚШ-та футбол соңы атысқа ұласып, үш адам қаза тапты

Новости партнеров