ТМД елдері мен Грузияда жаңа жылдық дастарханға қандай тағамдар әзірленеді

Depositphotos.com
Depositphotos.com
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жаңа жылға санаулы екі аптадан аз уақыт қалды. ТМД елдері мен Грузияда мерекелік дастарханға әзірленетін дәстүрлі тағамдар көпшілікке белгілі бола бастады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Тәжікстан
Тәжікстанда жаңа жыл қарсаңында дерлік әр үйде дәстүрлі оливье салаты дайындалады. Шұжық қосылған классикалық нұсқасының сегіз адамға арналған құны шамамен 50 сомони, бұл 3 000 теңгеден асады. Дастархан басында әрдайым жаңа піскен көкөністерден жасалған турама — қызанақ, қияр, лимон және көк шөптер болады. Оның бағасы 30 сомони, яғни шамамен 2 100 теңге. Сондай-ақ мерекеге манты, балық тағамдары және, әрине, тәттілер әзірленеді.

Алайда мерекелік дастарханның нағыз төресі — палау. Күріш, ет және көкөністерден тұратын, бүкіл отбасыға жететін палаудың ингредиенттері шамамен 120 сомониге, бұл 7 000 теңге шамасында шығады. Әр үй иесінің өз құпиясы бар: бірі аздап қышқыл дәм беру үшін барбарис қосса, енді бірі зираны көбірек салады, ал басқалары иіс пен дәм үшін тұтас сарымсақ басын қоса отырып дайындайды.

Қазақстан
Қазақстанда жаңа жылдық дәстүрлі тағам — бешбармақ. Ол қамыр мен қайнатылған еттен дайындалады, көбіне сиыр еті мен жылқы еті қосылады. Дәмдеуіштер тағамға ерекше хош иіс пен дәм береді.

Бешбармақты әзірлеуге шамамен үш сағат уақыт кетеді — осы уақыт ішінде ет пісіріледі. Ал сол кезде үй иелері қамырды жұқалап жайып, кеспе дайындайды. Кейін оны ет сорпасына салып пісіреді. Тағам қуырылған пиязбен және жылқының қазы-қартасымен әрленеді. Биыл төрт адамнан тұратын отбасыға арналған бешбармақтың құны шамамен 16 мың теңге болады.

Грузия
Сациви, пхали, хачапури, чашушули — құдды сиқырлы сөздер секілді естіледі, алайда бұлар грузиндердің жаңа жылдық дастарханындағы дәстүрлі тағамдар. Грузиндер етті жақсы көретін халық саналса да, вегетарианшыларға арналған мерекелік тағам түрлері де аз емес.

Жаңа жыл қарсаңында жаңғақ, түрлі дәмдеуіштер мен хош иісті шөптер қосылған тағамдар көп дайындалады. Сондықтан үй ішінде аңқыған иіс — мерекенің жақындағанының белгісі. Үй шаруасындағы әйелдер базарға алдын ала, тіпті бірнеше рет барып, ең соңғы сәтте қажет ингредиенттің жетіспей қалмауын қадағалайды. Сонымен қатар мерекелік дастарханда жеміс-жидек пен тәттілер мол болуы шарт. Орта есеппен төрт адамнан тұратын отбасының жаңа жылдық дастарханы 300 лариға, яғни шамамен 60 000 теңгеге түседі.

Новости партнеров