«Туристік қамқор» қорының мәліметінше, Вьетнамда туркод арқылы барған 7 мыңнан астам қазақстандық турист бар
«Вьетнамда жүрген қазақстандық туристерден ешқандай шағым түскен жоқ». Бұл жөнінде «Туристік қамқор» қоры мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Вьетнамда ауа-райының қолайсыздығы тұрғындарды қатты алаңдатып отыр. «Кадзики» тайфунынан келер қауіптің алдын алу үшін ел билігі жағалаудағы провинциялардан 586 мыңнан аса адамды қауіпсіз жерге көшіруді жоспарлапты. VietnamNews дерегінше, желдің екпіні сағатына 135–166 шақырымға жетіп жатыр. «Кадзики» дауылынан үш адам көз жұмған. Табиғи апат шамамен 7 мыңға жуық үйді бүлдіріп, 28 мың гектар егістікті су астында қалдырған. Сондай-ақ 18 мыңнан астам ағашты құлатып, 331 электр бағанын зақымдаған. Салдарынан бірнеше қала жарықсыз қалыпты.
Айта кетейік, Вьетнам – отандастарымыз жиі баратын туристік ел. Ал «Туристік қамқор» қоры әзірге қазақстандық туристерден ешқандай ресми шағым түспегенін хабарлады.
«Вьетнамда жүрген туристерден «Туристік Қамқор» қорына ешқандай ресми шағым немесе өтініш түскен жоқ. Бізге белгілі мәліметке сәйкес, халықаралық Камрань, Дананг және Фукуок әуежайлары қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Барлық жоспарланған рейстер кестеге сай орындалып жатыр», – деді «Туристік қамқор» қоры.
«Туристік қамқор» қорының мәліметінше, Вьетнамда туркод арқылы барған 7 мыңнан астам қазақстандық турист бар. Нячанг қаласына саяхаттап барған отандастарымыздың бірімен тілдесіп көргенімізде, ол елге оралатын әуе рейстерінде кідірістер байқалып жатқанын жеткізді.
«Камрань әуежайындамыз. Бұл жаққа Нячанг қаласынан келдік. Нячанг қаласында күн сәл бұлтты болды. Бірақ ешқандай тайфун, ештеңе байқамадық. Арасында жаңбыр жауды. Бірақ біздің рейсті 4 жарым сағатқа кешіктіріп жатыр», – деді саяхатшы Тәттімбет Дәулет.
Айта кетейік, жуырда ғана Астанадан Вьетнамның дәл осы Нячанг қаласына бет алған VietJet Air ұшағы әуежайға қайта қонуға мәжбүр болған. Бейресми деректерде бұған сол елдегі қолайсыз ауа райы әсер етті делінген. Десе де, әуе компаниясы бұл ақпаратты теріске шығарып, негізгі себеп техникалық ақауда болғанын алға тартты.
Мәди Мәлік, Данияр Омар, Астана