Алматыда вакцинациялау жүйелі түрде өтіп жатыр

sng.today
sng.today
Сәуір мен маусым аралығында ай сайын 250 мың екпе салынады деп жоспарланып отыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда коронавирусқа қарсы жаппай вакцинациялау жалғасып жатыр. 2 сәуірден бастап мұғалімдер мен тәртіп сақшыларынан бөлек, қала тұрғындары да ерікті түрде екпені қабылдай бастады. Оларға Ресейден әкелінген Спутник V вакцинасы салынып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бүгін шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев емханаларда жұмыс істеп тұрған екпе орындарына барып, жағдайды бақылады. Медициналық нысандардың бас дәрігерлерімен кездесіп, вакцина дозасының жеткілікті болуын қадағалуды тапсырды.

«Вакцина алғандардың көңіл-күйі жақсы. Барлығы да психологиялық-моральдік тұрғыда дайындалып келгендер. Барша қала тұрғындарына коронавирусқа қарсы екпе алуға шақырамын. Мұның ешқандай қауіптілігі жоқ»,   деді  дәрігер-эпидемиолог Гүлназ Байсара.

Вакцинаны кез келген қала тұрғыны ерікті түрде ала алады. Ол үшін белгілі бір емханада тіркелудің немесе Алматыда мекен-жай анықтамасы болуын сұрамайды. Екпе қаладағы барлық емханаларда күн сайын үзіліссіз таңғы 8-ден кешкі сағат 20.00-ге дейін жүргізіледі.

«Екпе екі кезеңнен жүргізіледі. Бүгін қабылдаған азамат 21 күннен кейін екінші компонентін қабылдайды. Тұрғындарға Damu med қосымшасы арқылы немесе ұялы телефонына хабарлама негізінде екінші екпені қай күні қабылдайтыны ескертіледі», деді Медеу аудандық №5 емхана бас дәрігерінің орынбасары Сәуле Төлегенова.

Алдымен вакцина салынбас бұрын, азамат дәрігердің қабылдауынан өтеді. Қан қысымы мен дене қызуының көтерілмеуі қатаң бақыланады. Вакцина салынғаннан кейін 30 минут дәрігердің қарауында болып, әр адамның жағдайы жеке тексеріледі. Дегенмен, бұған дейін екпе алған қызметкерлердің арасында ешқандай кері әсер байқалмаған.  

«Вакцинаны бірінші медицина қызметкерлері алды, тиімділігі жоғары екенін айтқым келеді. Екпе жасағандардың арасында кері әсерін айтып келгендер болмады. Әрі қарай жұмысымызды жалғастырып жатырмыз»,   деді №29 қалалық емхананың бас дәрігері Ақмира Садықова.

Екпе алғандар туралы мәліметттер электронды базада тіркеледі. Ұялы телефонда Egov мобильді қосымшасына вакцинацияның ақпараттандыру жүйесі енгізілді. Екпенің екі кезеңін қабылдаған азамат осы электронды қосымша арқылы өзінің екпе алғандығын растай алатын құжатты алуына болады.

«Екпені 40 минут бұрын алдым. Коронавирус қауіпті індет саналады. Сол себепті одан қорғанудың амалы вакцина деп ойламаймын. Қазір бұл барша халық үшін маңызды болып тұр»,   деді қала тұрғыны Юрий Хромцов.

«Тұрғындарды екпе алуға шақырамын. «Бірлік бар жерде, тірлік бар» дейді. Бәріміз вакцина алсақ, ауру да азаятын еді» дейді Алатау ауданының тұрғыны Талғат Төленов.

«Өз қауіпсіздігім үшін екпе салдырттым. Қазір өзімді жақсы сезінемін. Алдағы уақытта ауырмаймын деп ойлаймын. Иммунитет қалыптастыру үшін бұл дұрыс шешім деп есептеймін»,  дейді қала тұрғыны.  

Жұмыс сапары аясында қаладағы бес емхананы аралаған қала әкімі Бақытжан Сағынтаев вакцина алудың әр тұрғын үшін маңызды екенін атап өтті. Себебі, жүргізіліп жатқан мұндай  ауқымды шараның басты мақсаты   ұжымдық иммунитет қалыптастыру.  

Еске салайық, қазір еліміз бойынша екпенің төртінші кезеңі жүргізілуде. Қазір қалада 56 вакциналау пункті істеп тұр. Онда бір күнде 2-3 мың адамға вакцина салуға мүмкіндік бар. Сәуір мен маусым аралығында ай сайын 250 мың екпе салынады деп жоспарланып отыр.

Ұлағат Арғын, Мұрат Тайжанов, Исабеков «Алматы» телеарнасы



Новости партнеров