"Спутник Лайт" Қарағанды фармацевтикалық кешенінің -35 градус ұстайтын тоңазытқыштарынан бірыңғай дистрибьютордың логистикалық тораптарына жөнелтілді
Қазақстанға COVID-19-ға қарсы "Спутник Лайт" вакцинасының 150 000 дозасы жеткізіліп, "СК-Фармация" қоймасына түсті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Эпидемиологиялық жағдайға байланысты Қарағанды фармацевтикалық кешені ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне тегін гуманитарлық көмек ретінде "Спутник Лайт" вакцинасын жіберген.
"Спутник Лайт" Қарағанды фармацевтикалық кешенінің -35 градус ұстайтын тоңазытқыштарынан бірыңғай дистрибьютордың логистикалық тораптарына жөнелтілді. Тасымалдау арнайы тоңазытқыштарда жүзеге асырылды, онда суық тізбекті қатаң сақтау үшін жабдық орнатылған. Препарат қоймаларға жеткізілді, ол еліміздің барлық аймақтарына таратылады.
Ресейдің тікелей инвестициялар қорының мәліметінше, препараттың тиімділігі 79,4 пайызды құрады. Аталған вакцинаның қауіпсіздігі бірқатар елдерде: БАӘ, Бахрейн, Аргентина, Ресей, Мексика, Сербия, Сан-Марино, Филиппин, Ливия, Парагвай, Венгрия, Әзірбайжан және Беларусьте вакцинация бойынша нақты деректермен расталған. Сондай-ақ, жетекші халықаралық ғылыми басылымдарда 20-дан астам жарияланым бар.
Вакцинаның сапасын қамтамасыз ету мақсатында өндірушіден медициналық ұйымдарға дейінгі барлық жолда суық тізбекке тиімді мониторинг жүргізіледі. Мұздатылған препарат түріндегі "Спутник Лайт " вакцинасы -18 градустан жоғары емес температурада жарықтан қорғалған жерде сақталуы тиіс.
Қазақстан аумағында халықты вакцинациялау үшін келесі вакциналар қолданылады: QazVac, "Спутник V", Hayat-Vax, СоronaVac, Sinopharm, Comirnaty Pfizer/BioNTech.