Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой «QazVac» вакцинасын ектірді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Сонымен қатар, отандық вакцинаны оның орынбасары Марат Шоранов та алуды ұйғарыпты. Бұған дейін еліміздің бас дәрігерінің өзге де орынбасарлары екпе жасатқанда ине шаншар жер болмап еді. Бұл жолы тек бір ғана телеарна шақыруды жөн көріпті. Өз сөзінде Алексей Цой вакцинаның алғашқы партиясы Биологиялық қауіпсіздік мәселелер жөніндегі институтта 50 мың дозамен өндірілгенін атап өтті. Өндірісті ұлғайта түсу үшін түрлі алаңдарды қарастырып жатқанын жеткізді.
«Біз вакциналар өндірісін іске қосқан және вакциналарды шығарудың толық циклін әзірлеуден бастап қолдануға дейін өз бетінше игерген әлемнің он елінің қатарына кірудеміз, бұл – үлкен жетістік. Қарағандылық фармазавод вакциналардың негізгі партияларын қосымша өндіреді. Ол біздің азаматтарымызға заманауи препараттарға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда әрбір жиырмасыншы қазақстандық вакцинацияланды», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.
Айта кетейік, 22 cәуір күні COVID-19-ға қарсы қазақстандық QazVac (QazCovid-in) вакцинасының алғашқы партиясы жөнелтілді.