Алматы қаласы Алатау ауданында вакцина алғандар арасында тұрмыстық техника ойнатылды

04.07.2021 15:07

2021 жылы 1 ақпаны мен 2 шілдесі аралығында Алматыда барлығы 487 736 адам вакцина алды

Алатау аудандық әкімдігінде вакцина алған азаматтар арасында тұрмыстық техника ұтыс ойыны өткізілді. 2 мен 30 маусым аралығында ауданның барлық екпе пункттерінде ұтыс ойынына қатысуға мүмкіндік беретін лотерея билеттері таратылды. Жеңімпаздар лототрондағы кездейсоқ іріктеу арқылы анықталды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Соңғы лотерея ұтысына Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков қатысып, аудан тұрғындарына жауапты азаматтық ұстанымы үшін алғысын білдірді.

«Алматылық эпидемиологтар Сovid-19-ға қарсы екпе ұжымдық иммунитетті қалыптастырудың маңызды екенін айтты. Вакцина қарқынын тездету үшін вакцина алғандарды ынталандыруды жөн көрдік. Коронавирустың төртінші толқынындамыз. Алматыда жаңа «дельта» штамы пайда болды. Ол өте қауіпті. Сондықтан ұжымдық иммунитетті қалыптастыруға өз үлесін қосқан аудан тұрғындарына алғыс айтқым келеді», – деді аудан әкімі.

Алғашқы жүлдегерлерге 5 мультиварка берілді. Жеңімпаздардың арасында Алматы қаласының тұрғыны Анар Құсайынова да бар.

«Мен балаларымның қауіпсіздігі үшін вакцина алдым. Вакцина алған кезде маған билет беріліп, ұтыс ойынына шақырды. Мен ұтыс ойынының жеңімпазы болғаныма қуаныштымын», – деді А. Құсайынова.

Іс-шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай акциялар алдағы уақытта да жалғасады. Дәрігерлер қалада ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін халықтың 75% вакцина алуы қажет екенін айтты.

Еске салсақ, Алматыда медициналық ұйымдарда, мектеп, мәдениет, спорт нысандарында, базар мен  қаланың СОСО-да 211 вакцина пункті жұмыс істейді (250-ге дейін ұлғайту мүмкіндігімен). 1 257 адам жұмылдырылған 304 екпе бригадалары қызмет атқарады.

2021 жылы 1 ақпаны мен 2 шілдесі аралығында Алматыда барлығы 487 736 адам вакцина алды. Өткен тәулікте 15 292 адам екпе алды. 60 жастан жоғары вакцина алған адам саны  81 202 адамды құрайды.