Асқар Мамин: Қызмет көрсету, білім саласында міндетті вакциналау қажеттігі айқын

29.06.2021 15:20

Бүгінгі күні вакцинаның І компонентін 3,3 миллионға жуық адам салдырды

фото Анатолий Вайскопф, news.myseldon.com

Үкімет отырысында Премьер-Министрі Асқар Мамин әкімдерге вакциналау қарқынын арттыруды тапсырды, деп хабарлайды  Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Санитарлық-эпидемиологялық ахуал өзгеріп барады. Өңірлерде вирусты жұқтырған адамдардың саны өсуде. Ауруханалардағы орындардың жүктемелігі 27 пайыз, ал жансақтау бөлімінде 24 пайызды құрап отыр. Елордадан басқа «қызыл» аймаққа тағы төрт өңір кірді. «Сары» мен «жасыл» аймақта алты өңірден бар. «Қызыл» аймақтардағы барлық өңірде шектеу шаралары қолданылып, мониторинг топтарының жұмысы күшейтілуі тиіс», ‒ деді Үкімет басшысы.

Асқар Мамин осы жайттың бәрін ескеріп, резервтегі инфекциялық орындардың дайындығын пысықтап, дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың жеткілікті болуын қамтамасыз етуді тапсырды.

«Бүгінгі күні вакцинаның І компонентін 3,3 миллионға жуық адам салдырды. Шамамен 2 миллион адам ІІ компонентті ектірді. Бірақ бұл жеткіліксіз. Әкімдер вакциана салу қарқынын күшейту керек. Бұл әсіресе Маңғыстау, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарына қатысты. Қызмет көрсету, білім беру саласында міндетті вакциналау қажеттігі айқын байқалып отыр», ‒ деді Премьер-Министр.

Айта кетейік, Қазақстанда өткен тәулікте 1321 адам коронавирус инфекциясын жұқтырған болатын.


«Үнді» штаммынан қорғанудың жалғыз жолы жөнінде үндістандық дәрігер Вани Акбер айтып берді.