Алматының Жетісу ауданында вакцина алғандар арасында тау велосипеді, тоңазытқыш және Samsung Galaxy S21 ойнатылады

02.06.2021 15:29

Осылайша жергілікті атқарушы билік Алматы қаласында жаппай вакцинациялауды насихаттауды көздейді

fakt.pl

Жетісу ауданының әкімі COVID-19-ға қарсы вакцинаның бірінші компонентін қабылдаған тұрғындар арасында лоторея ойнатылатыны туралы жариялады. Осылайша жергілікті атқарушы билік Алматы қаласында жаппай вакцинациялауды насихаттауды көздейді, деп хабарлайды Almaty.tv

«Лотореяға қатысуға ниеттілер Жетісу ауданындағы вакцинация орталықтарында 2021 жылдың 29 мамыры мен 4 маусымы аралығында вакцинаның бірінші компонентін салдыруы қажет. Ұтыс қорытындысы сенбі күні, 5 маусымда шығарылады», деп хабарлады әкімдік өкілдері.

Жеңімпаз жалғыз емес, 21 адам болатындықтан халықтың қатысуға деген ынтасы зор. Вакцина салдырғандар арасында Samsung Galaxy S21 телефоны, сонымен қатар Samsung A32 смартфоны, Samsung Galaxy Buds live құлаққабы, тоңазытқыш, тау велосипеді секілді 5 қосымша сый, бұдан бөлек 16 ынталандыру сыйлығы ойнатылады.

Айта кететін мәселе,  алматылық эпидемиологтар COVID-19-ға қарсы екпе эпидемияға тосқауыл қоятын ұжымдық иммунитеттің қалыптасуында маңызды рөл атқаратынын айтуда. Вакцинацияға қарқын беру үшін Алматыда екпе салдырғандарды ынталандыру ісі жүріп жатыр.

1 маусымда қаладағы 2  СОСО ұялы телефондар, тұрмыстық техника, мейрамхана сертификаты, сондай-ақ жеңілдік карталары ойнатылды. Мұндай тәжірибе АҚШ, Еуропа және Ресейде бар.