QazVac отандық вакцинасы туралы қазақстандықтар не білуі тиіс

Яндекс.Новости
Яндекс.Новости
Ал күзге қарай Жамбыл облысында QazVac препаратын шығаратын арнайы зауыт ашылады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

26 сәуірде қазақстандықтарға  отандық QazVac вакцинасы егіле бастайды. Препараттың алғашқы 50 мың дозасы өңірлерге жеткізілді. Қазақстандық вакцина, ең алдымен, коронавируспен күрестің алғы шебінде жүрген медицина қызметкерлеріне, полицейлерге, сондай-ақ мұғалімдерге салынады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі sputnik.kz-ке сілтеме жасап.

QazVac қандай вакцина

QazVac – «өлтірілген» вирустан жасалған вакцина. Препарат коронавирус ауруының вирусы мен оған қосылған иммуностимулятордан тұрады. Одан бөлек, құрамында су және аздап тұз бар.

Былтыр көктемде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы отандық препаратты COVID-19-ға қарсы вакциналық кандидаттардың тізіміне енгізді.

QazVac вакцинасын білім және ғылым министрлігіне қарасты биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары әзірледі.

Бұған дейін қазақстандық вакцина QazCovid-in деп аталып келген білесіздер. Ол вакцинаның ғылыми, ал QazVac – бренд атауы.

Клиникалық сынақтың 3-сатысы әлі жүріп жатыр

Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты аса қауіпті аурулар зертханасының меңгерушісі, профессор Леспек Құтымбетов клиникалық сынақтардың бірінші және екінші кезеңі қалай өткенін айтты.

«Бірінші фазаға 44 ерікті қатысты. Олардың 22-іне вакцинаның өзі салынса, қалған жартысына плацебо немесе "бос" дәрі, яғни, физиологиялық ерітінді егілді. Белгілі бір уақыттан кейін салыстырсақ, вакцина алған 22 адамда қанның құрамында гуморальдық иммунитет пен жасушалық иммунитет белгілері пайда болды. Одан кейін екінші фазада QazVac 200 адамға егілді. Гуморальдық иммунитет бүкілінің ағзасында түзілген», – деді ол.

Ал клиникалық сынақтың үшінші кезеңіне 3 мың адам қатысты. Олардың арасында созылмалы аурумен ауыратындар да бар.

Айта кетсек, клиникалық зерттеудің үшінші фазасы әлі жүріп жатыр, тек 50 процентке ғана аяқталды. Үшінші кезең толығымен 9 шілдеде аяқталады.

«Негізі, бұл – әлемдік тәжірибе. Көптеген мемлекет клиникалық зерттеудің үшінші кезеңін аяғына дейін жеткізбей, жартысына келгенде вакцинаны медициналық мақсатта шығаруға кірісіп жатады. Жалпы бүгінде клиникалық зеттеудің үшінші кезеңін толығымен аяқтаған бірде-бір вакцина жоқ», – деген еді бұған дейін білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов.

Вакцинаның тиімділігі 100 пайыз деуге бола ма?

«Вакцина, шынында да, қысқа мерзімде дайындалды. Ал бірақ, біз әу баста оның залалсыздығын тексердік. Оның залалсыз екенін толық сеніммен айта аламыз. Ал жүз пайыз тиімділік бола ма, болмай десек, жүз пайыз тиімділікті ешқандай вакцина бермейді. Мейлі ол Америкада, Ресейде, Қытайда, тіпті ғарышта дайындалсын, 100% тиімділік беретін вакцина өмірде болмайды. Егер жаппай қолданған кезде вакцина 80 немесе 70 пайыз тиімділік берсе, ол өте жақсы вакцина саналады», деді QazVac-ты әзірлеген Леспек Құтымбетов.

Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шорановтың айтуынша, QazVac вакцинасының тиімділігі клиникалық сынақтардың бірінші және екінші фазасынан кейін 96%-ті құрайды.

QazVac кімдерге салынбайды

• жүкті әйелдер;

• ВИЧ, гепатит, созылмалы ауруы асқынғандар;

• 18 жасқа дейінгі балаларға.

Леспек Құтымбетовтің айтуынша, теориялық жағынан вакцинаның балаларға зияны жоқ. Өйткені олардың иммундық жүйесі жақсы, жоғары деңгейде.

«Сондықтан қорқудың қажеті жоқ, оларға сала беруге болады. Бірақ бұған денсаулық сақтау министрлігі арнайы сынақтан өткізгеннен кейін ғана рұқсат береді», – деді ол.

Вакциналау қалай жүреді

QazVac вакцинасын егу «Спутник V» препаратымен вакциналауға ұқсас. Отандық вакцинаны салдырғысы келетін қазақстандық егу пунктіне келіп, дәрігердің қарауынан өтеді, анкета толтырады. Денсаулығы жақсы болса, оған вакцинаның бірінші компоненті егіледі.

Екінші компонент 21 күннен кейін салынады.

QazVac қайда шығарылады

Бүгінде «QazVac»-тың алғашқы партиясы – 50 мың дозасы өңірлерге жеткізілді. Бірінші партия биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының өзінде жасалды. Мамыр айында екінші партия жеткізіледі деп жоспарлануда. Ол да 50 мың доза көлемінде шығарылады. Кейін вакцинаны жаппай өндіру үшін оны Түркия кәсіпорындарында құю көзделіп отыр. Бүгінде түрік елімен бұған қатысты уағдаластық бар.  Ал күзге қарай Жамбыл облысында QazVac препаратын шығаратын арнайы зауыт ашылады.


Новости партнеров