Алматыда сәуір айында вакциналаудың 250 пункті ашылады
Бүгін Алматыдағы эпидемиологиялық ахуалға арналған онлайн-баспасөз конференциясында қала әкімі Бақытжан Сағынтаев оңтүстік астанада тұрғындарын жаппай вакциналаудың қашан басталатынына жауап берді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қала әкімінің айтуы бойынша, сәуір айында 250 егу пункттерін ашу жоспарлануда. Оның ішінде ірі сауда орындарында да екпе пункттері жұмыс істейтін болады.
Қоғамдық денсаулық басқармасы ашылатын вакциналау пункттерін қажетті медициналық жабдықтармен және мамандармен қамтамасыз ететін болады.
Бұлардан өзге, бизнес қауымдастық тасымалдау, сақтау, үй-жай беру және вакциналау пункттерін ұйымдастыруға тегін қолдау көрсетеді.
Онлайн-баспасөз конференциясында Бақытжан Сағынтаев коронавирусқа қарсы жаппай вакциналау жүргізілген жағдайда, оны жұқтыратын адамдар санының күрт азаятынын айтты. Оған сәйкес вирустың айналымы күрт төмендейтін болады.
Б. Сағынтаев бүгінде қалаға коронавирустық инфекцияға қарсы 21 850 доза вакцинаның жеткізілгенін айтты. Сәуірден маусым аралығында Алматы вакцинаның қосымша 750 мың дозасын алады – айына 250 мың дозадан.
Мегаполис әкімі жалпы вакциналаудың қалыпты өмір салтына оралуға және карантиндік шектеулерді біртіндеп жеңілдетуге мүмкіндік беретінін айтты. Вакцина – аурудың алдын алудың ең сенімді әрі барынша тиімді шарасы, яғни вакцина емдемейді, қорғайды.