Айсәуле Бақытбек үнемі оқырмандарын вакцина салдыруға, сол арқылы жақындарын вирустан қорғауға шақырады. Алайда танымал бикештің өзі коронавирусқа қарсы екпе салдырмаған болып шықты. Оған себеп – Айсәуленің жүктілігі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Stan.kz-ке сілтеме жасап.
«Отбасымызда барлығы вакцина алды деп айтып жүрген кезде, ел «сен вакцина салдырдың ба?» деп сұрап жүрді. Бұл сұрақтан барынша қашуға тырысатынмын. Себебі жүкті екенімді айта алмадым», – дейді Айсәуле ағынан жарылып YouTube-та жариялаған видеосында.
Айсәуле Бақытбекқызы дәл вакцина салдыратын күні аяғының ауыр екенін білген.
«Өкінішке қарай «Спутник V» және QazVac вакциналарын аяғы ауыр келіншектерге салуға болмайды. Сондықтан жоқ, мен екпе салдырмадым. Қазан айында келетін Pfizer вакцинасын күтудемін. Ол жүкті келіншектер мен балаларға рұқсат етілген», – деді ол.
Айсәуленің енесі Диляра Қайдарова – жоғары санатты онколог-дәрігер. Ол келінінің жүкті екенін біле салысымен, ұлы мен олар жиі кездесіп тұратын достарын вакцина алуға мәжбүрлеген.
«Вакцина салдырыңыздар дегім келеді. Білмейтіндер болса, біздің анамыз – дәрігер. Ол кісі екіқабат екенімді білгенде, күйеуімді ғана емес, бізбен араласатын достарымызды да вакцина алуға мәжбүрледі. Қазіргі уақытта мен адам көп жиналатын жиындарға бармауға тырысамын», – дейді Айсәуле.