Акция 11 шілдеге дейін жалғасады
Вакцина алған адамдар арасында Дубайға жолдама ойнатылады. Алматыда Жетісу ауданы әкімдігі халықты екпе салдыруға ынталандыру мақсатында осындай шара ұйымдастырып жатыр. Ал Алмалы ауданында бірнеше мейрамхана қызметкері ұжым болып вакцина алды. Қалада халықты иммундау процесі қалай жүріп жатыр? Толығырақ Almaty.tv тілшісі тарқатады.
Екпе алатын тұрғындар енді Біріккен Араб Әмірліктеріне яғни Дубайға саяхаттауға жолдама ұтып алуы мүмкін. «Екпе салдырып, сыйлық ұт» науқаны аясында қалада түрлі бағалы техника, тауарлар мен қызметтерді тегін пайдалануға болатын сертификаттар беріліп жатыр. Жетісу ауданы әкімдігі демеушілердің ұсынысымен бұл жолы екі адамға арналған жолдама беруді ұйғарыпты.
«Бүгіннен бастап 11 шілде аралығында вакцинаның бірінші компонентін қабылдаған әрбір тұрғын осы ұтысқа қатыса алады. Ұтыс ойыны 11 шілде күні сағат 15:00-де тікелей эфирде аудан әкімінің парақшасында және демеушінің парақшасында өтетін болады»,− деді Жетісу ауданы әкімінің орынбасары Дәулет Шайтұрсын.
Айта кетейік, сертификат иегері өзіне ыңғайлы уақытты таңдап, саяхаттай алады. Сондай-ақ ауданда ат спортымен айналысуға арналған сертификаттар да ойнатылады.
«Бұл әрине вакцина алып жатқан тұрғындарға жақсы мүмкіндік бір шетінен. Сондықтан өзіміздің ықшам ауданда тұратын адамдарды вакцина алуға шақырамын»,− деді қала тұрғыны Салтанат Мырзалиева.
Ал Алмалы ауданында кәсіпкерлер мен қоғамдық тамақтану орындарының қызметкерлері жаппай вакцина алып жатыр. Екпені бір жерден алу үшін олар көшпелі бригада шақырған. Бүгін бірнеше мейрамхананың 20 шақты қызметкері вакцина алды.
«Бүгін біз бәріміз бірге вакцина алып жатырмыз. Жаңа ғана екпені алдым. Қорқудың қажеті жоқ деп ойлаймын»,− деді менеджер Александр Тен.
«Ұжым болып жиналып вакцина салдырттық. Вакцина «Спутник-V» деп аталады. Жалпы қалыпты жағдайдамын»,− деді даяшы Фариза Сейітмұратова.
Өндіріс орнында вакцина егу үшін қызметкерлер жарты сағат күтетін орын мен пациенттердің денсаулығын тексеретін арнайы бөлме қарастырылуы тиіс. Сондай-ақ екпе салатын жер бөлек орналасқаны дұрыс дейді мамандар.
«Шақырған кезде үнемі келіп тұрамыз. Он адамнан асса кез келген уақытта келе аламыз. Пациенттердің дене қызуы көтерілмеуі керек, қан қысымы нормада болуы қажет. Жүрек қағысын өлшеп, тамағын тексереміз»,− деді терапевт-дәрігер Шынар Жиренбаева.
Алматыда соңғы тәулікте 7307 адам екпе салдырған. Осылайша, вакцина алған қалалықтардың саны 400 мыңға жуықтады. Оның 53 мыңнан астамы 60 жастан асқан егде кісілер. Қала аумағында 211 вакцинация пункті жұмыс істеп тұр.
Назкен Еркін, Ғани Қалуов, Ялкунжан Әшімжанов «Алматы» телеарнасы.