Алматыда мемлекеттік білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін 33 мыңнан астам қызметкер 100% вакцина алды. Бұл туралы «Алматы мектептері постковидтік кезеңде: Білім сапасы, балалардың денсаулығы және отбасының рөлі» атты онлайн-форум барысында қала әкімі Бақытжан Сағынтаев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Оқытудың дәстүрлі форматына оралудың маңызды шарттарының бірі білім беру саласы қызметкерлерін вакциналау болып табылады. Бүгінде медициналық қарсы көрсеткіштері барларды қоспағанда, мемлекеттік білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін 33 мыңнан астам қызметкер 100% вакциналанды», – деді Б. Сағынтаев.
1 қыркүйекке дейін жеке білім беру ұйымдарының қызметкерлерін вакциналау аяқталады, қазірдің өзінде 10 мыңнан астам адам немесе 95%-ы екпе салдырды.
Жаңа оқу жылы қарсаңында мектептерде және оған жақын аумақтарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша профилактикалық шаралар күшейтілді. Бүгінде барлық білім беру ұйымдары ішкі және сыртқы бейнебақылау жүйелерімен қамтамасыз етілген, 239 ұйымда (33 балабақша, 187 мектеп, 15 интернат, 4 колледж), бұл жүйелер Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына қосылған.
Алматы қаласының әкімі Б. Сағынтаев Білім басқармасына Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментімен және Қоғамдық денсаулық басқармасымен бірге мектептерде 1 қыркүйектен бастап санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін тұрақты мониторинг жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар, күнделікті профилактикалық іс-шаралардың жүргізілуіне және мектептердің қажетті дезинфекциялық және басқа қорғаныс құралдарымен жабдықталуына бақылау орнатылады.