«Қарағанды фармацевтикалық кешені» ЖШС маусым айында «Спутник V» вакцинасының өндірісін 1,5 млн дозадан асыруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Бұл туралы «Қарағанды фармацевтикалық кешені» ЖШС бас директоры Сергей Барон онлайн баспасөз мәслихатында айтты.
«Қазір күніне 1 серия шығарамыз. Бір серия дегеніміз – бір компоненттің 150 мың дозасы деген сөз. Біз екі ауысыммен жұмыс істеуді жолға қойдық. Қазір түнгі кезекті іске қосып жатырмыз. Осы айда 1 млн 200 мың доза шығардық. Қазір ол топтама сапа бойынша тексеруден өтіп жатыр. Мамыр айының соңында таратылады деп күтіп отырмыз. Оның алдында ақпаннан бері 1,8 млн доза шығарған болатынбыз. Ал маусымда 1,5 млн дозадан асыруға дайынбыз»,– деді кәсіпорын басшысы.
Сергей Баронның айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі Қарағандыдағы вакцина зауытынан 5 млн доза вакцина сатып алу туралы келісімшарт бекіткен екен.
«Денсулық сақтау министрлігімен 5 млн доза шығару туралы келісімшарт жасалған болатын. Оны уақытында орындауға толық мүмкіндігіміз бар. Егер тағы өндіру керек болса, келісімшарт аясында ұлғайтуға дайынбыз»,– деді компанияның бас директоры.