Алматыдағы вакцинация: дерек пен дәйек

Almaty.tv
Almaty.tv
Бүгінгі таңда қалада 203 вакцинация пункті жұмыс істейді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

150 мыңға жуық алматылық коронавирус вакцинасын алды. Бұл еліміздің барлық өңірлері арасында ең жоғары көрсеткіш. 26 сәуірге дейін қалаға тағы 137 мың доза «Спутник-V» вакцинасы жеткізіледі. Осылайша, сәуір айының соңына дейін вакцина жеткілікті мөлшерде болады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бүгінгі таңда  Алматыда 203 вакцинация пункті жұмыс істейді, 406 вакцинация бригадасында 1809 медицина қызметкерлері жұмылдырылған.

Қалалық клиникалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Айнұр Уәлиева қанша кішкентай алматылықтарды вакцина алуға шақырды.

«Біз балалар жаппай ауыра бастады, коронавирус инфекциясы балалар арасында эпидемиологиялық сипатқа ие болды деп айта алмаймыз. Сырқаттанушылықтың өсуі ересек халықтың арасында ауырғандардың көбеюімен тікелей байланысты, ересектер арасында жұқтырып, ауырғандар азайған кезде, бірден балалар арасында да жұқтырудың төмендеуі орын алады. Бүгінгі күні ауруханада ауру ағымы ауыр өтіп жатқан балалар жоқ. Көп жағдайда ауру симптомсыз өтіп жатыр», – дейді педиатр.

Сонымен қатар, азаматтар коронавирус вакцинасын алу үшін  Egov порталы арқылы тіркеле алады.

Ол үшін Egov порталының басты бетінде орналасқан дансаулық сақтау бөліміне өтесіз. Содан соң көрсетілетін қызметтердің арасында вакцинаға жазылу деген батырманы басасыз. Бұл жерде Covid-19-ға қарсы екпені қандай жағдайда алуға болмайтыны туралы нұсқаулық көрсетілген. Егер жасыңыз 18-ге толмаса, жүкті немесе бала емізетін әйел болсаңыз, бойыңызда вакцинаның кез келген компонентіне жоғары сезімталдық байқалса, екпе алуыңызға болмайды. Содан соң онлайн сұрауға өтіп қажетті ақпаратты толтыруыңыз керек.

Келесі қадамда тұрғылықты жеріңіз бен өзіңіз қалаған емхананы таңдайсыз. Бірер минутта ұялы телефоныңызға екпе алатын күн мен уақыты белгіленген хабарлама келіп түседі. Онлайн өтінім тек бір адамның атынан ғана толтырылады. Сайтта қандай да бір техникалық ақау болған жағдайда 1414 және 1406 нөмірі бойынша ақпарат орталығына хабарласа аласыз.  

С. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ жалпы иммунология кафедрасының меңгерушісі Эльмира Битанова қала тұрғындарын екпе алуға шақырды. Медицина ғылымдары кандидатының айтуынша, вакциналау – бұл өзіңіз бен жақындарыңызды COVID-19-дан қорғаудың ең сенімді әдісі. Жаппай вакциналаудың нақты үлгісі Израильде болды, онда халықтың 80%-ы екпе салдырған және қазір көшелерде бетпердесіз жүруге болады.

Алматы қаласының орталық мешітінің бас имамы Еркінбек Шоқай Рамазан кезіндегі вакцинаның оразаны бұзбайтынын айтты.

«Қалада имамдар кезекпен вакцина салдырып жатыр. Бізде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының вакцина туралы пәтуасы бар. Онда екпенің бұлшық  етке енетін дәрі және оның қажет екендігі туралы айтылады. Сондықтан екпе оразаны бұзбайды», –  деп түсіндірді ол.

Сарапшы Қазақстанда қолданылып жатқан  «Спутник-V» вакцинасына баға берді.

«Әлемде кең тараған вакциналардың қатарында аталған екпе 3-орынға ие. Ал вакцинациядан кейінгі дене қызуының көтерілуі мен әлсіздік белгілері қалыпты жайт», – дейді иммунолог, Қазақстан профилактикалық медицина академиясының президенті Алмаз Шарман.

Новости партнеров