Елімізде коронавирус індетіне шалдыққандар саны көбейіп барады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Соңғы тәулікте 16 мың 284 адам вирус жұқтырып, жаңа рекорд орнады. Тек Нұр-Сұлтан қаласында 5 мыңнан астам, Алматыда 2 мыңнан аса науқас анықталды. Осылай эпидемиологиялық жағдайдың күрт нашарлауына «омикрон» штамының дендеуі себеп болып отыр.
Денсаулық сақтау министрлігінің ресми ақпарына сәйкес, COVID-19-ға қарсы вакцина алған қазақстандықтар саны 9 млн 93 мың 484-ке жетті. Соның ішінде 35 мыңнан аса алматылық Pfizer екпесін салдырған. Осы ретте Жапония мемлекеті бұл препаратпен балаларды 5 жастан бастап егуді ұйғарып отыр.
Ал италиялық Спалланцани институтының мәлімдеуінше, африкалық штамға «Спутник V» екпесі тиімді екен. Себебі ресейлік вакцина америкалық екпеге қарағанда пациенттерде антиденені 2,1 есеге көп қалыптастырған.