Венгриялық кәсіпкерлер еліміздегі ауылшаруашылық саласындағы ірі жобаларға инвестияция құюға дайын. Шетелдік бизнесмендер біздің аймақта егін егу мен көкөніс өсіруді дамытуға ниетті. Бұл туралы бүгін Қазақстан мен Венгрия арасындағы екіжақты қабылданған шешімдер аясында мәлім болды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Екі күн бұрын елімізге Венгрия Ауылшаруашылығы министрлігінің делегациясы жұмыс сапарымен келген еді. Бүгін олар Алматыға жетті. Мақсат – халықаралық байланысты дамыту, агробизнес саласындағы бәсекеге қабілеттікті арттыру. Сондай-ақ, тараптар сауда-экономикалық және ғылыми-зерттеу, ынтымақтастық жан-жақты мәселелерін талқылады.
«Жыл сайын Венгрия мемлекеті Қазақстан студенттері үшін жоғары оқу орындарына мың оқу грантын бөледі. Оның ішінде ауыл-шаруашылық саласындағы мамандықтардың үлесі аз еді. Себебі біздегі білім нысандарында шет елге оқуға бару үшін дайындық жасайтын ғылыми орталық болмаған. Бүгінгі келісім аясында біз Алматыдағы Қазақ Ұлттық Аграрлық университетте ғылыми орталық аштық», – деді «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КЕАҚ басқарма төрайымы Гүлмира Исаева.
«Елдің ауылшаруашылық саласында атқарылып жатқан жұмыстарын көріп ерекше қуандым. Қандай салада болмасын халықаралық бағытта тәжірибе алмасып жұмыс істеу үлкен жетістікке жеткізеді деген ойдамын. Егін егу мен бау-бақша өсіруде біздің елдегі әдіс-тәсілдерді де Қазақстанда қолдануға болатынын айтқым келеді. Алдағы уақытта осындай жобаларды іске асыру бойынша келіссөздер жүргізетін боламыз», – деді Венгрияның ауыл шаруашылығы министрі Иштван Надь.