Алматыда COVID-19 ауруының көбеюі жалғасуда, ал одан да шектеулі шараларды болдырмаудың жалғыз жолы – вакциналану қарқынын едәуір арттыру. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясы кезінде Алмалы ауданының әкімі Ержан Сейтенов айтты, деп хабарлайды Almaty.tv
«Мен әлі екпе алмаған барлық алматылықтарды жақын арада вакцина салдыруға шақырамын. Бүгінде бұл үшін барлық мүмкіндіктер бар. Мен тұрғындарымыздың саналылық танытатындарына сенемін», – деді аудан әкімі.
Е. Сейтеновтің айтуынша, ауданда 182 474 адам вакциналанған, бірақ бұл жеткіліксіз. Аудан әкімі вирустың өте қауіпті екенін хабарлады.
«Бұл туралы дәрігерлер де, эпидемиологтар да айтып жатыр. Тәуекел тобы да ауысты. Егер бұрын егде жастағы адамдар жиі жұқтырса, қазір жастар мен еңбекке қабілетті тұрғындар дертке шалдығуда», – деді Е. Сейтенов.
Аудан әкімінің айтуынша, қазіргі күрделі эпидемиологиялық ахуалда қала тұрғындары барынша жауапкершілік пен саналылық танытып, санитарлық дәрігерлердің ұсыныстарын және карантин шектеулерін қатаң сақтаулары тиіс.
Жыл басынан бері Алмалы ауданының мониторингтік топтары 5 500-ге жуық объектіні тексерді, белгіленген шектеулерді бұзғаны үшін 124 заңды және 1 082 жеке тұлғаларға жалпы сомасы 177,7 млн теңге болатын айыппұл салынды.