Қазақстанда ревакцинацияға қызу дайындық жүріп жатыр. Үшінші рет вакцина салдыру не үшін қажет? Алдымен кімдерге салынады? Tengrinews.kz ревакцинацияға қатысты маңызды 10 сұрақтың жауабын дайындады, деп хабарлайды Almaty.tv.
1. Ревакцинация не үшін қажет?
Адам екпе салдырғаннан кейін оның ағзасында коронавирусқа қарсы антидене пайда болады. Бірақ бірнеше айдан кейін антидене әлсірей бастайды. Оның үстіне дүние жүзінде коронавирустың жаңа штамдары шығып жатыр. Сондықтан бұл жағдайда екпенің үшінші дозасы, яғни ревакцинация қажет.
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, екпенің екінші дозасын салдырғандар тоғыз айдан соң ревакцинация жасатуы қажет.
Ол елімізде жаппай вакцинация ақпанда басталғандықтан, сол кезде екпе салдырғандар үшінші дозаны қарашада салдыруы керегін айтты.
Министрдің сөзінше, халықтың басым бөлігі вакцинаның екі дозасын маусым мен шілдеде салдырған. Олардың сол вакцинада пайда болған антиденесі тоғыз айға жуық жарамды.
2. Үшінші дозада да сол вакцинаны салдыру керек пе?
Үшінші дозаны салдырарда алғаш алған вакцинаны таңдау міндетті емес. Керісінше, дәрігерлер басқасын таңдауды ұсынып отыр.
Мысалы, Алматы қалалық орталық клиникалық ауруханасы директорының орынбасары Эльвира Ибрагимова брифинг барысында үшінші дозаға қатысты былай деді:
"Қазіргі уақытта бізде вакцинаның екі түрі бар: вакторлық және инактивті. Вакторлық дегініміз "Спутник V", қалғанының бәрі - инактивті. Алдымен векторторлық вакцина салдырғандарға, тоғыз айдан кейін инактивті, яғни Vero Cell немесе QazVac салдыруға кеңес береміз. Ал инактивті вакцина салдырғандар, алты айдан кейін "Спутник V" векторлық вакцинасын алсын".
3. Қазақстанда ревакцинация қашан басталады?
Қазақстанда ревакцинация 22 қарашада басталады. Бұл туралы бүгін Алексей Цой мәлім етті.
"Ревакцинация 22 қарашадан бастап екі кезеңде жүзеге асырылады", – деді министр.
4. Ревакцинация бірінші кезекте кімдерге жасалады?
Үшінші доза Қазақстанда бірінші кезекте осал топтағы адамдарға салынады.
"Бірінші кезекте осал топтағы адамдарды вакцинациялау үшін биыл жыл соңына дейін алғашқы екпе алған мерзімін ескере отырып, медицина қызметкерлері, педагогтар, медициналық-әлеуметтік мекемелердің, жабық балалар мекемелерінің қызметкерлері, әлеуетті құрылымдардың қызметкерлері қайта екпе алатындардың қатарына жатады", – деді Цой.
Ол 60 жастан асқан адамдардың, сондай-ақ өз бетінше тест тапсырған және коронавирусқа антиденелері теріс тест нәтижесін көрсеткендердің белгіленген мерзімдерін есепке алмай, ревакцинацияға жіберілетінін нақтылады.
5. Үшінші доза салдырмағандарға шектеу қойыла ма?
Еліміздің бас санитария-дәрігері Ерлан Қиясовтың айтуынша, ревакцинациядан өтпегендерге шектеу қойылмайды.
"Екі доза салдырған адамдарға қосымша шектеулер мен санкциялар қарастырылмаған. Біз бұл мәселелерді қарастырып жатқан да жоқпыз. Ревакцинация процедурасының өзі негізінен тиісті топтардың арасынан анықталады. Бұл - халықтың ең осал топтары, сондай-ақ антиденелер талдауынан өтіп, антидене жоғы анықталып, ревакцинацияға ерікті түрде келетін адамдар", – деді Қиясов.
6. Екпе алғаннан кейін коронавирус жұқтырғандар үшінші дозаны қашан салдыра алады?
Екпенің екі дозасын алып, кейін коронавирус жұқтырғандар аурудан толық айыққаннан кейін үш айдан соң ревакцинациядан өте алады. Бұл ДСМ ұсынған мәліметте көрсетілген.
Ал жүкті немесе бала емізіп отырған аналар Pfizer вакцинасын салдырса, алты айдан кейін ревакцинаға келе алады. Үшінші доза ретінде олар инактивті (Sinopharm, CoronaVac, Hayat-Vax, QazCovid-in) немесе векторлық (Спутник V) вакцина салдырады.
7. Ревакцинация алдында антиденеге тест тапсыру керек пе?
Алматы қалалық орталық клиникалық ауруханасы директорының орынбасары Эльвира Ибрагимованың айтуынша, вакцинация не ревакцинация алдында антиденені анықтау үшін тест тапсырудың керегі жоқ.
"Егер сіз бұл сынақты өз бетіңізше тапсырғыңыз келсе, оны өз қалауыңыз бойынша жасай аласыз. Бірақ бұл медицина тарапынан немесе вакцинациядан бас тартуға себеп емес. Себебі ревакцинация үшін антиденелердің деңгейі маңызды емес", – деді Ибрагимова.
Ол егер пациент өз бетінше сынақтан өтіп, антиденелердің жоғары титрі болса, кейін ол өз қалауы бойынша ревакцинациядан өтуі мүмкін екенін айтты.
8. "Спутник V" салдырғандар ревакцинацияда "Спутник Лайт" ала ала ма?
"Спутник V" екпесін алған қазақстандықтар "Спутник Лайт" екпесін қайта ала алады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді.
Цойдың айтуынша, алғашқы вакцинация кезінде алынған препараттармен ревакцинацияға рұқсат етіледі, бірақ бұл Спутник V вакцинасына қатысты емес.
"Бұған дейін алған бірдей вакцинаны ала алады. Яғни жалғастыра алады. Бір мәселе, бұл "Спутник V" емес, өйткені бұлар әртүрлі вакциналар. Ережелерге сәйкес бірінші және екінші дозаларға ұқсас вакциналар болады деп қарастырылған. "Спутник Лайт" бар, бізде де өндіріс жүріп жатыр. Менің ойымша, бұл да жақын арада пайда болады. Бұл "Спутник V" бірінші компоненті", – деді Цой.
9. Ревакцинация кезінде де екпенің екі дозасы салына ма?
Жоқ, ревакцинация кезінде тек бір доза салынады. ДСМ мәліметінше, кейін вакцинация паспортында үшінші доза салынғаны туралы мәлімет шығады.
10. Ревакцинация тек бір мәрте бола ма?
Негізі Денсаулық сақтау министрлігі коронавирусқа қарсы вакцинаны жоспарлы түрде жыл сайын салуды мақсат етіп отыр.
Алексей Цойдың айтуынша, ревакцинация алдағы уақытта жоспарлы түрде жылына бір мәрте салынып тұрады. Бұл – адам ағзасындағы антиденені азайтпай, коронавирустан қорғануға арналған қадам.