Алматыда Vero Cell екпесі емханаларға жеткізілді. Бүгінде қалаға вакцинаның 10 мың дозасы келген. Осы аптада тағы 35 мың доза келеді деп күтілуде. Бұл екпенің өзгелерден қандай ерекшелігі бар? Жалпы, шаһарда қандай вакцина түрі қолжетімді? Almaty.tv тілшісінің бейнематериалда.
Алматы қаласында Спутник V, QazVac, Vero Cell екпелері қолжетімді. Өткен аптада қалаға "Синофарм" компаниясының Бейжің биологиялық өнімдер институтымен бірлесіп әзірлеген Vero Cell вакцинасының 10 мың дозасы берілді. Апта соңына дейін ол барлық пунктерде қолжетімді болмақ. Екпе белсенді емес вирус негізінде даярланған. Вирустың инактивациясы-вакцина әзірлеудегі ең көне және тиімді тәсіл екенін айта кету керек. Бұл инактивакцияланған препарат екі компоненттен тұрады. Дозалар арасындағы үзіліс 3 аптадан 4 аптаға дейін. Алайда жүкті және бала емізетін әйелдерге екпенің бұл түрін алуға болмайды. Сондай-ақ, вакцинаның қандай да бір компонентіне аллергиясы бар адамдарға, эпилепсия немесе жүйке жүйесінің басқа да үдемелі аурулары барларға салғызуға тыйым салынған. Ал, үш кезеңдік клиникалық сынақтар препараттың коронавирусқа қарсы тиімділігінің 79% екенін көрсетіпті.
«Sinofarm компаниясы өндірген Веро Селл екпесінің басты ерекшелігі – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен мақұлданғандығында. Бұл дегеніміз – барлық деректерді тексере келе, ұйым аталған екпенің елдерде қолданылуына оң көзқарас танытады. Яғни, қауіпсіздік профилі жинақталған, талданған деген сөз. Оның үстіне, бұл вакцина көптеген елдерде мақұлданған», – деді С.Ж. Асфендияров атындағы ҚАЗҰМУ ғылыми үйлестірушісі Бауыржан Жүсіпов.
Vero Cell вакцинасы +2-ден +8 градусқа дейінгі температурада сақталады. Дәрігерлердің айтуынша, бұл жылжымалы егу пунктері үшін өте ыңғайлы.
«Бір флаконы екі адамға арналған. Өте ыңғайлы. Мұздатуды талап етпейді. Сондықтан жай тоңазытқышта сақтауға мүмкіндік бар. Сондықтан үйде жасауға, организацияға шығып егуге өте ыңғайлы вакцина», – деді № 20 қалалық емханасы бас дәрігерінің орынбасары міндетін атқарушы Эльнура Әбесова.
Ал, Ресейде өндірілген векторлық Спутник V вакцинасы екі компонеттен тұрады. Екеуінде де SARS-CoV-2 вирусының s-ақуыз гені мен көбеюге қабілетсіз, адам аденовирусына негізделген 5-ші және 26-шы серотип векторлары бар. Бұл вирустың генетикалық материалын тасымалдау және қорғау функциясын атқарады. Егу науқаны басталғалы қолжетімді болғандықтан, бүгінде көпшіліктің таңдауы осы екпеге түскен.
«Біз енді Спутник V-ді алдық. Өйткені бәрі соны алып жатыр. Жақсы бәрі, денсаулыққа көмектеседі деп жатыр», – деді қала тұрғыны Мадина Ерназарова.
«Спутник V вакцинасы ең көп зерттелген деп ойлаймын. Адамдардың көбісі осы екпені салғызды ғой, ешқандай оқыс жағдайар туралы естімедім», – деді қала тұрғыны Эдуард Бондарев.
Ал, отандық QazVac вакцинасы Білім және ғылым министрлігінің Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты әзірлеген инавктивацияланған екпе. Вирус белсенділігі формальдегидтің көмегімен жойылған. Бүгінде EClinicalMedicine published by The Lancet журналы отандық «QazVac» вакцинасын клиникалық зерттеудің 1-2 фазасының нәтижелері туралы мақаланы қабылдап, электрондық нұсқасын басып шығарды. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өзінің фейсбук желісінде жариялап, биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтының ғалымдарын құттықтады. Айта кету керек, The Lancet журналы – апта сайын шығатын рецензияланған жалпы медициналық журнал.
Жанар Ғаниқызы, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы