Наурызбай ауданы халқының 95 пайызға жуығы коронавирус вакцинасын алды

Наурызбай ауданы халқының 95 пайызға жуығы коронавирус вакцинасын алды
Мағлұматпен аудан әкімі Санжар Тоғай таныстырды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда Наурызбай ауданы халқының 95 пайызға жуығы коронавирус вакцинасын алды. Мұнда екпе алушылар санатында барлығы 53 мың 418 адам болса, соның 50 мың 607-сі иммундау шарасынан өткен. Мағлұматпен аудан әкімі Санжар Тоғай таныстырды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бүгінде 10 пунктте 20 стационарлық және 5 жылжымалы бригада жұмыс істейді. Ал, мектептерде, базарларда және халыққа қызмет көрсету орталығында резервте 4 егу пункті бар екен. Тек вакцина алу арқылы ғана пандемияны тоқтатуға болатынын ескерткен аудан басшысы қала тұрғындарын тезірек екпе алуға, дәрігерлер мен санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің барлық ұсыныстарын барынша жауапкершілікпен орындауға шақырды.

«Алматы қаласы бойынша 725 мыңнан астам адамға вакцина салынған болса, Наурызбай ауданында 50 мыңға жуық тұрғынымыз екпе қабылдады. Бүгінде 6 мекенжай бойынша, яғни №7 қалалық ауруханада, №26, №27, №36 қалалық емханаларда вакцина алуға мүмкіндік бар», – деді Наурызбай ауданының әкімі Санжар Тоғай.

Одан өзге, биыл бірінші жартыжылдықта ауданда 42 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Қазір мұнда 4500-ден асатын пәтері бар 100 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын бөліскен Санжар Тоғай экономиканың барлық салаларында осы 6 айда оң сепіліс байқалғанын жеткізді. Өндіріс көлемінің 4,3 млрд теңгеге өсу себебінен, салық түсімдері 161 пайызға көбейіпті. Бірінші жартыжылдықта негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 48,7 млрд теңгеге жетсе, кәсіпкерлікпен айналысатын субъектілер саны 7600-ден асқан. Наурызбай ауданындағы ең түйткілді мәселе – ол тұрғындарды 100 пайыз таза ауыз сумен қамтамасыз ету. Бұл бағытта тиісті жұмыстар жасалып жатыр.

«Ақжар, Тастыбұлақ, Шұғыла, Тау жолы, Жайлау, Қарғалы, Құрамыс шағын аудандарында қазіргі таңда 122 шақырым су жүйесі және 85 шақырым кәріз құбыры жұмыстары мен Қарғалы өзеніндегі заманауи су өңдеу станциясының құрылысы тоқтаусыз жүргізіліп жатыр. Жұмыстар толық аяқталғаннан кейін 80 мыңға жуық аудан халқы таза ауыз сумен қамтамасыз етілетін болады», – деді Наурызбай ауданының әкімі Санжар Тоғай.

Новости партнеров