Вакцина алмаған адам офлайн форматта жұмыс істегісі келсе, апта сайын ПТР тапсыруы қажет
Бүгіннен бастап вакцина алмаған қызметкер үшін жұмыс орнының есігі жабық. Еліміздің бас санитариялық дәрігері Ерлан Қиясовтың жаңа қаулысына сәйкес, тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар және соңғы 3 ай ішінде індет жұқтырып айыққан адамдарды қоспағанда, екпе паспорты жоқ жұмыскерлер күндізгі режимде жұмыс істей алмайды. Егер де вакцина алмаған адам офлайн форматта жұмыс істегісі келсе, апта сайын ПТР тапсыруы қажет, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жаңа қаулы күшіне енген күні қала тұрғыны ақ үрпек анасын екпе егу пунктіне әкелді. Осылайша, 81 жастағы әже де вакцина алғандардың қатарына қосылды.
«Денім сау болып, аман-сау жүрейін. Балапандарым аман болсын. Мен ауырып қалсам, оларға да жұғады ғой. Сол амандық үшін, саулық үшін алып жатырмын вакцинаны», – деді зейнеткер Мағрипа Әбелқасова.
«Әлемнің жарығын сыйлаған жанды сұм індеттен қорғап қалу үшін вакцина егу пунктіне әкелдім» деген Есентай Әбелқасов, ең алдымен өзі екпе алыпты. Жанама әсері болмағандықтан, дәл бүгін алғашқы дозасын анасына да салдырды.
«Вакцинасыз болмайды екен. Көзіміз көріп жатыр. Жақын туысқандар, ағайындар кетіп жатыр», – деді қала тұрғыны Есентай Әбелқасов.
Қазір қаланың медициналық ұйымдарында, спорт және мәдениет объектілерінде, сауда орындарында екпе егетін 160 пункт жұмыс істейді. Соның бірі қалалық №7 клиникалық аурухананың емханасында орналасқан. Онда «Спутник Ви», «Вера Селл» және отандық «КазВак» вакцинасының қос дозасы бар.
«Вакцина алуға келген кісіге бізде қазіргі таңда қандай вакциналар бар екендігін және олар туралы толық ақпаратты түсіндіреміз. Адамдардың өз еркінде болады, қайсысын таңдайтыны», – деді қалалық №7 клиникалық аурухана емханасының терапевт-дәрігері Айнұр Әлшерова.
Тәулік ішінде екпенің 1-компонентін 2 мың 212 алматылық, 2-компонентін 2 мың 763 адам салдырды. Ақпан айынан бері 887 мың 96 қала тұрғыны вакцинаның 1-компонентін алды.
Оразай Нұртай, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы