|
26.04.2021 | 18:19
5634

Алматыда КВИ жұқтырған науқастардың туыстарына Ашық есік күні ұйымдастырылды

Вакцинациялау науқанына шаһар тұрғындары белсенді атсалысып, 200-ге жуық медицина қызметкері екінші компонентін алды

Алматыда КВИ жұқтырған науқастардың туыстарына Ашық есік күні ұйымдастырылды Almaty.tv

Алматыда халықты жаппай вакцинациялау қарқынды жалғасып жатыр. Демалыс күндері Орталық қалалық клиникалық аурухана қызметкерлері коронавирус жұқтырған науқастардың туыстарына екпе жасау мақсатында Ашық есік күнін ұйымдастырды. Вакцинациялау науқанына шаһар тұрғындары белсенді атсалысып, 200-ге жуық медицина қызметкері екінші компонентін алды. Толғырақ Almaty.tv тілшісінің материалында.

19 жастағы Сымбат Жайлау Алматы жоғары медициналық колледжінің 2 курс студенті. Айтуынша, COVID-19-ға шалдығып, қазір ауруханада ем алып жатқан жақындары бар екен. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген таныстарының кеңесінен кейін, қауіпті кеселді өзі де жұқтырмас үшін, вакцина алуға бел буыпты.  

«12 қалалық клиникалық ауруханасында менің құрбым ауырып жатыр және ол маған осы вакцинаны алуға кеңес берді. Басында мен қарсы болғанмын. Бірақ енді осы Covid-19-дың алдын алу үшін осы вакцинаның бүгін бірінші дозасын алуға келдім және де алдым. Әзірге бәрі жақсы. Температура, ештеңе жоқ», – деді студент Сымбат Жайлау.

Осылай Орталық қалалық клиникалық аурухана қызметкерлері мегаполис тұрғындарына вакцина алуға мүмкіндік жасап, ашық есік күнін ұйымдастырды. Онда ниет білдірген кез келген қала тұрғыны қабылданып, 200-ге жуық медицина қызметкерлері ревакцинацияланды. Эпидемиолог мамандардың мәлімдеуінше, тек жаппай вакцинациялау – шаһардағы коронавирус бойынша ахуалды тұрақтандырмақ.

«Біздің пациенттер бұл вирустың қандай қауіпті екенін жақсы біледі. Сондықтан бізде ем алып жатқан науқастарымызбен 14 күн қарым-қатынаста болмаған туыстарын екпе алуға шақырдық. Ауруханадан тыс ғимаратта егу кабинетін ұйымдастырдық. Егер, халық арасында COVID-19-қа қарсы жаппай иммунитет қалыптасса, тезірек қалыпты өмірге оралуға мүмкіндік туады», – деді орталық қалалық клиникалық аурухана директорының орынбасары Эльвира Ибрагимова.

Бүгінде қалада коронавирусқа шалдыққандар легі азаймай отыр. Соңғы тәулікте дертті жұқтырған 700-ге жуық науқас тіркеліп, оның 260-тан астамы жан сақтау бөлімінде жатыр. Осы тұста еліміздің танымал тұлғалары вирустың алдын алу арқылы кеселді жеңуге болады дейді.  

«Вакцина алудың уақыты келді. Мен халықты екпе алуға шақырамын! Бұл кеселден құтылудың жалғыз амалы. Меніңше, осы вакцина мен дәрігерлердің еңбегі болмаса, жер бетіндегі 90 пайыз адам аурудан көз жұмар еді», – деді актёр, режиссер Ерден Тілемісов.

Жалпы қалада осы уақытқа дейін барлығы 180 451 адам «Спутник V» вакцинасын алған. Бүгін тағы 3918 алматылыққа ресейлік екпе егілді. Ал, 25 сәуірде шаһарға отандық «QazVac» вакцинасының алғашқы 6 мың дозасы әкелінді.

Аяулым Көлжігіт, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир