Бір күнде 11 мыңға жуық қала тұрғыны: «Алматы» телеарнасының ұжымы да вакцина салдырды

16.04.2021 00:35

Екпе алған тұрғындар саны бойынша Алматы қаласы көш бастап тұр

Алматыда бір күннің ішінде 11 мыңға жуық қала тұрғыны «Спутник-V» вакцинасын салдырды. Ал, 1 ақпаннан бері жалпы 108 мыңнан аса алматылық екпе алған. Жаппай вакцинациялау науқанында «Алматы» телеарнасының ұжымы да белсенділік танытуда. Мәселен, бір күнде арнаның 20-дан аса қызметкері ерікті түрде вакцина салдырды.

Қала бойынша қазір 203 вакцинациялау пункті жұмыс істеп жатыр. Екпе алам деуші тек өзі тіркелген емхана ғана емес, өзіне ыңғайлы кез келген орталыққа бара алады. Өзімен бірге тек жеке куәлігі болса жеткілікті.  Медицина қызметкерлері вакцинаны салмас бұрын адамның аллергиясы бар-жоғын анықтайды. Сондай-ақ, денсаулығын тексеріп, екпе салған соң жарты сағат өз бақылауында ұстайды.

Егу бөлмесіне кірмес бұрын кез келген вакцина алам деуші дәрігерлердің тексерісінен өтеді. Яғни, қан қысымы, жүрек қағысы және қызуы өлшенеді. Мәселен, менен вакцина салдыруға ешқандай қарсы көрсетілім анықталған жоқ. Мен екпе алуға толықтай дайынмын.

Сондай-ақ, бүгін өз еркімен өтініш білдірген «Алматы» телеарнасының қызметкерлеріне «Спутник V» препараты егілді.

Олар вакцинацияны қауіпті вирусты жеңудің жалғыз әдісі деп санайды.                      

«Біз жұмыс барысымен түрлі жерлерге барып, әртүрлі адамдармен тілдесеміз. Сәйкесінше індетті жұқтыру қаупі де жоғары. Өзімізді және жақындарымызды қорғау үшін әріптестерімізбен келіп, бүгін вакцина салдырдық. Өйткені, бұл – індетпен күрестегі ең тиімді әдіс», – деді тілші Жанар Ғаниқызы.

«Бүгін вакцина салдыртқан себебім туысқандырым жұқтырмасын деген ой. Қазір вакцина салдырдым. Жарты сағат өтті. Ауырып тұрған жоқпын, бәрі жақсы», – деді оператор Сағынғали Мұңайтбасов.

Мамандардың айтуынша, кез келген мекеме қызметкерлерінің арасында ұжымдық иммунитет қалыптастырудың маңызы зор. Бұл індет жұқтырудың қаупін едәуір төмендетеді.

«Бүгін «Алматы» арнасының ұжымы COVID-19-ға қарсы вакцианцияға келді. Бұл ұжымдық иммунитет қалыптастыруға көмектеседі», – деді №17 қалалық емхананың аға мейірбикесі Бахарам Бектұрова.

Ал бүгінде вакцина салдырған қазақстандықтардың саны 505 мыңға жетті. Екпе алған тұрғындар саны бойынша Алматы қаласы көш бастап тұр.  

Сымбат Ноғай, Медет Саматұлы, «Алматы» арнасы