Алматыда вакцина алғандар арасында ұтыс ойыны ойнатылып жатыр

almaty.tv
almaty.tv
Басты сыйлық – соңғы үлгідегі қымбат ұялы телефон
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Екпе салдырып, сыйлық ұт! Алматыда вакцинаның бірінші компонентін алғандардар лотереяға қатысып, бағалы сыйлық ұтуына мүмкіндіктері бар. Мұндай шара қаладағы бірнеше базарлар мен сауда орталықтарындағы вакциналау пунктерінде өткізіліп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Алдымен екпе алған қала тұрғыны өзі туралы мәлімет толтырып жәшікке салады. Байқау 1 маусымда әлеуметтік желіде тікелей эфирде өткізеледі. Басты сыйлық – соңғы үлгідегі қымбат ұялы телефон.    

«Шараның мақсаты – көпшілік арасында екпе алудың денсаулық үшін маңызды екенін насихаттау. Елдегі пандемия мен шектеу шаралары біраз істі тоқтатқаны жасырын емес. Екпе алу арқылы қаладағы эпидахуал жақсарады деген сеніммен осындай идея келді. Біз әр адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қараса екен дейміз», – деді ұтыс ұйымдастырушысы Хадижа Тен.

Қалада демалыс күндеріне қарамастан, сауда орындары мен емханаларда вакциналау пункттері үзіліссіз жұмыс істеп тұр. Мәселен, сауда орнында таңертеңнен бері біршама адам келді. Көпшілік тамақтанатын бұл орын уақытша екпе алаңына айналған. Қала тұрғындары ұжымдық иммунитет қалыптастырудың маңызды екенін айтады.

«Вакцина алдым, бәрі жақсы, ешқандай симптом болған жоқ. Сыйлық үшін емес, денсаулығымыз үшін алып жатырмыз. Қасымызда жүрген туған-туысқандардың бәріне келіңдер айтып жатырмыз», – деді қала тұрғыны Әшірбек Жұмаділдаев.

«Біріншіден өзімінің денсаулығым, болашағым. Шыны керек, бетпердеден шаршадық. Жұмыс істеу керек», – деді қала тұрғыны Қуанышбек Қуатбекұлы.

«Вакцина алуға келгенде ұтыс туралы білмедік. Ол да бір жағынан дұрыс деп ойлаймын. Жұрттар iPhone және басқа да бағалы заттар ұтып жатса, қуанар едім», – деді қала тұрғыны Асыл Наурызов.

Бұл ойын-сауық орталығында қаладағы №30 емхананың көшпелі бригадасы жұмыс істейді. Дәрігерлер түске дейін және түстен кейін болып екі ауысыммен кезектесіп қызмет көрсетеді. Бір топта 2 медбике, дәрігер және көмекшіні қосқанда 4 адам бар. Екпе алғандардың ішінде денсаулығына қарсы шағым айтушылар болмапты.

«Алмалы ауданы бойынша бүгінде 40 вакцинациялау пункті бар. Оның 19 медициналық ұйымдардың ішінде болса, 13 пункт ауданның әр жерінде орналасқан. Жалпы бүгінге дейін аудан бойынша ақпан айынан бастап 56 мыңнан астам адам екпе алды. Олардың көпшілігін дәрігерлер, мұғалімдер, полиция қызметкерлері, әлеуметтік қызметкерлер құрайды», – деді Алмалы аудандық медициналық ұйымдардың бас дәрігері Фарида Ағыбаева.

Еске салайық, бүгінге дейін вакцина салдырған қазақстандықтардың саны 2 миллионға жуықтады. Республика бойынша Алматы көш бастап тұр. 1 ақпаннан бастап мұнда коронавирусқа қарсы егілгендер саны 285 559 адамға жетті. Оның ішінде 30 553-і 60 жастан асқан егде адамдар.

Ұлағат Арғын, Арсен Сандыбаев «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров