Көптен күткен америкалық Pfizer вакцинасы елімізге жеткізілді. Жүк тиеген әуе кемесі бірден Алматы әуежайына табан тіреді. Ал екпенің дозалары тиісінше бөлініп, еліміздің басқа да аймақтарына жіберілді. Алматыға деп бөлінген 46 мың вакцина дозасы бүгін қала емханаларына таратылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматы халықаралық әуежайы. Қазір менің ту сыртымда мамандар қорап-қорап тиелген екпені түсіріп алып жатыр. Айта кетейік, Pfizer вакцинасының алғашқы партиясы елімізге Белгиядан жеткізілді. Оның саны – 379 мың доза.
Бұған дейінгі келісімге сәйкес, Қазақстанға америкалық екпенің 4 млн 230 мың дозасы әкелінеді. Ол 2 млн 115 мың адамға жетеді. Әзірге Pfizer вакцинасын тек жүкті, бала емізетін әйелдерге және 18 жасқа дейінгі балаларға салу жоспарланып отыр. Бұған дейін еліміздің бас дәрігері Алексей Цой балаларды вакциналау оқу орындарындағы екпе егу пунктерінде, яғни білім ордаларында жүргізілетінін мәлімдеген еді. Сала мамандары Pfizer вакцинасы елге әкелінеді дегеннен бері дайындық жұмыстарының жүргізілгенін, қазір оны қолдануға барлық тиісті мекемелердің сақадай сай екенін хабарлады.
«Өндірушінің берген тәртібі бойынша, барлық дайындық жұмыстары өткізілген болатын. Яғни, морозильді жабдықтар, шприцтердің керекті көлемі сатып алынды. Сонымен қатар, медициналық қызметкерлер арнайы курстан өтті. Бұл оқу Pfizer компаниясымен тікелей жүзеге асырылды», – деді «СҚ-Фармация» ЖШС баспасөз хатшысы Әйгерім Смайылова.
Елге жеткізілген Pfizer вакцинасының алғашқы 379 мың дозасы өзге өңірлерге кеше түнде бірден жеткізілді. Ал Алматыға тиесілі 46 мың данасы бүгін қаладағы екпе сақтау қоймасына әкелінді. Демек, ертеңнен бастап мегаполис емханаларында америкалық вакцина қолжетімді болады.
Бұл Алматы қаласындағы жалпы вакциналардың сақталатын орны. Бүгін таңалакеуімнен Pfizer вакцинасы да осында жеткізілді. Мына камералық арнайы тоңазытқыштар Pfizer вакцинасына ғана арналған. Яғни, мұнда басқа екпелерді салуға рұқсат жоқ. Қазір -80 градусты көрсетіп тұр. Негізгі талап бойынша да америкалық екпе осы -80 градустан төмен жерде сақталмауы керек.
Кәмелет жасқа толмаған балаларды вакциналау тек ата-аналардың рұқсатымен жүзеге асырылады. Бұл екпе түрін де басқа вакциналар секілді араға 21 күн салып, екі компонентін қабылдау қажет.
«Бұл екпе түрін 12 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға алуға рұқсат. Алдын ала денсаулығы толық тексеріледі. Сондай-ақ жүкті әйелдерге де қатысты өзіндік шектеулері бар. Мәселен, жүктіліктің 16 аптасынан 37 аптасы аралығында салғызуына болады. Емізулі аналарға келер болсақ, босанғаннан кейін араға 42 күн салып екпе ала алады», – деді Орталық қалалық клиникалық аурухана директорының орынбасары Эльвира Ибрагимова.
Сонымен мегаполисте қала тұрғындары үшін 6 екпенің түріне таңдау бар. Олар: QazVac, "Спутник V", Hayat-Vax, Соronavac, Веросел, сонымен қатар, Pfizer. Айта кету керек, америкалық екпенің бұл түрі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Еуропада ең бірінші мойындалған және тиімділігі өте жоғары вакцина.
Ұлағат Арғын, Мейрам Исабеков, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы