Вакцинаның адамның жыныс жүйесіне, фертильді функциясына, яғни бала сүю мүмкіндігіне еш әсері жоқ. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің жалпы иммунология кафедрасының меңгерушісі Эльмира Битанова осылай дейді. Керісінше, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарайтын әрбір азаматты вакцина алуға шақырды. Жалпы мамандар ел арасында коронавирус вакцинасына қатысты тарап кеткен қауесеттерге құлақ аспау керегін ескертті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Коронавирус індетін жұқтырғандардың иіс сезу, дәм сезу қабілетінен айырылатыны баршаға мәлім. Себебі ауыз қуысындағы, мұрындағы соған жауапты бездер, жасушалар зардап шегеді. Жөтелдің құрғақ болуы да қауіпті індет шырышты бөлетін бездерді зақымдайды екен. Яғни, коронавирус жұқпасының бездерге әсері бар дейді иммунолог. Көптеген ғылыми дәлелді мақалаларда бұл жұқпалы дерттің жыныстық бездерге де әсері бар екенін көрсетеді. Сондықтан бедеуліктен қорыққан адамдар, одан абай болған адамдар керісінше вакцинаны қабылдау керек деген пікірде.
«Вакцина – иммунды жүйені арнайы түрде белсендіру механизмі. Онкологияға да, генетиканың да еш қатысы жоқ бұл жерде. Екінші рет коронавирус жұқпасымен кездессек, иммунды жүйе өте белсенді жауап береді және ол қоздырғышты жояды. Ал енді бедеулікке, жыныстық жүйеге ешқандай әсері жоқ бұның», – деді С. Асфендияров атындағы ҚАЗҰМУ жалпы иммунология кафедрасының меңгерушісі Эльмира Битанова.
Нейрохирург дәрігер Мыңжылқы Сайлауұлы да халықты жалған ақпараттарға сенбеуге шақырады. Жас әйелдерде болашақта бедеулік пайда болуы мүмкін, генетикалық код өзгеріп, ауру шақыруы ықтимал деген қауесеттерге құлақ аспау керегін ескертті. Өйткені вакцина алған адамдар індетке шалдыққан күннің өзінде оларда ауру жеңіл түрде өтіп жатқанын тілге тиек етті.
«Вакцина салғаннан кейін ол вирустың бөлшегі, коронавирустың өзі бедеулік шақырмаса, аутоиммунды бас да генетикалық ауру шақырмаса, вакцина да ондай аурулар шақырмау керек деген сенімділікпен коронавирус вакцинасының екі компонетін салдырған болатынмын. Вакцина қандай да бір ауру шақырады дегенге сенбей, өз денсаулығыңызға өзіңіз жауыпты екеніңізді ұмытпаңыздар», – деді Шымкент қалалық №2 клиникалық ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы, нейрохирург дәрігер Мыңжылқы Бердіқожаев.
Мамандар, сондай-ақ, еліміздегі вакциналардың белгілі платформаларда жасалып жатқанын, олар 15 жылдан астам тексерістен өткенін мәлімдеді. Екпелер қандай да бір ауру шақырды деген ақпараттың осы күнге дейін болмағанын алға тартты. Сол себепті де халықты жаппай вакцина алуға үндеп отыр.
Сая Меңдеке, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы