Қазақстанда 1 миллионға жуық адам екпе алды

Фото: Серикжан Ковланбаев
Фото: Серикжан Ковланбаев
Бұл туралы Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда 1 миллионға жуық адам екпе алды. Бұл туралы Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Сонымен қатар, ол елімізде індеттің таралуы төмендеп келе жатқанын жеткізді. Соңғы аптада өлім-жітім 30-дан 8 пайызға дейін кеміген. Ал, науқастану көрсеткіші бойынша әлемдік рейтингтегі 221 елдің ішінде Қазақстан 108-орында тұр екен.  

Жалпы Қазақстан коронавирус инфекциясына қарсы вакцина алғандар саны бойынша әлемде 177 елдің ішінде 52-орында тұр. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, COVID-19-ға қарсы әлемдік вакцина өндірушілердің ондығына кіріппіз.

«Бүгінде Қазақстан азаматтарын вакцинациялау «Спутник-V» және «QazVac» вакциналарымен жүргізіліп жатыр. Вакцинаны жеткізу кестеге сәйкес, кезең-кезеңмен жүзеге асырылуда. Бұл егуге жататын халықтың 20 пайызын вакцинамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жұмыс жалғасуда. Вакцинациямен қамту елдегі эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыруға мүмкіндік береді», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.

Бүгінгі таңда санитарлық-эпидемиологиялық жағдай біршама тұрақталған. Вирустың репродуктивтілік индексі 1-ге төмендеген. Дегенмен Инфекциялық төсек орындар 41%, реанимациялық төсек орындар 28% толы. Сондықтан Премьер-министр Асқар Мамин азаматтардың маска тағуы, әлеуметтік арақашықтықты сақтауы және адамдардың көптеп жиналуына жол бермеу бойынша талаптардың қатаң сақталуы маңызды екенін атап өтті.

«Бүгінгі таңдағы ең маңызды міндет – азаматтарымызды коронавирусқа қарсы вакциналаумен жаппай қамту. Сәуір айының қорытындысы бойынша вакциналауға жататын халықтың 20%-ы COVID-19-ға қарсы екпе алуы тиіс. Вакциналау жоспары мен өңірлерге вакцинаны жеткізу графигін сақтау қажет», – деді ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин.

Үкімет басшысы халықтың санитарлық талапты сақтауға шақырып жатқанда, Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев өзінен коронавирус індеті анықталғанын мәлім етті. Ол желіде қалдырған жазбасында бойымда аурудың ешқандай белгілері жоқ деп жазды. Ал, күні кеше «QazVac» вакцинасын салдырған министр Алексей Цой екпеден кейін өзін жақсы сезінетінін жария етіпті.

Қаламқас Нысанбай, Ринат Утеев, «Алматы» арнасы

Новости партнеров