Қ. Тоқаев вакцинация туралы жалған сертификаттар жасағандарды қатаң жазалауды тапсырды

12.07.2021 22:42

Мұндай деректерді тұтас қоғамның денсаулығы мен қауіпсіздігіне төнген тікелей қауіп деп түсіну қажет

открытые источники

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын коронавирус екпесін алуға шақырды. Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөз сөйлеген Президент қазір елде эпидемиологиялық ахуалдың нашарлағанын айтып, індеттен құтылудың жалғыз жолы вакцина екеніне тоқталып өтті. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке вакциналау паспорттарын қолдан жасаумен айналысатындарды қатаң жазалауды тапсырды. Себебі, жалған құжат алғандардың арасында қауіпті індетті жұқтырған азаматтар болуы мүмкін, олар қоғамға қауіпті екенін айтты. Одан өзге, мемлекет басшысы көпшілікті екпе алмауға үгіттейтін «антиваксерлердің» жалған ақпарына сенбеуге шақырды, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Біз пандемиямен күрестің негізгі жолы – вакцинация екенін түсінуіміз қажет. Антиваксерлердің қауесет, даңғаза әңгімелеріне сенудің қажеті жоқ. Сондықтан, біз екпе салу науқанын жалғастырамыз. Ал, кейбір жекелеген салаларда міндетті түрде вакцина салдыру қажет болады. Вакцинация туралы жалған сертификаттар жасау нарығы пайда болды. Мұндай деректерді тұтас қоғамның денсаулығы мен қауіпсіздігіне төнген тікелей қауіп деп түсіну қажет. Демек, жазаға тарту шарасы да қатаң болуы тиіс»,– деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Онлайн жиын барысында елдегі денсаулық сақтау саласына қатысты мәселелермен қатар, COVID-19-ға қарсы препараттарды шет мемлекеттен елге жеткізу мәселесі де талқыланды. Мемлекет басшысы Үкіметке халықаралық деңгейде мойындалған екпелердің қорын кеңейтуді тапсырды. Соның ішінде америкалық Phizer вакцинасы Қазақстан нарығына биыл мамыр айында әкелінуі керек еді. Алайда, министрлер препаратты елге жеткізудегі қиындықтарды вакцинаны өндіруші компанияның ұсынған бірқатар талаптарының бұзылуымен байланыстырып отыр.

«Қазақстан үшін бөлінген Phizer вакциналарын жеткізу тоқтап қалды. Анықтама ретінде, уағдаластықтарға сәйкес, «Phizer» компаниясы ағымдағы жылдың мамыр айында елге екпенің 2 миллион мөлшерін жеткізуді жоспарлаған еді. Үкіметке, Президент әкімшілігіне орын алған ахуалды пысықтауды және қажетті препараттың біздің мемлекетке жетуіне жауапты адамдарға қатысты шаралар қабылдауды тапсырамын. Өйткені, біз азаматтарға қатысты өз ұсыныстарымызды әртараптандыруымыз керек. Мүмкін, кейбір азаматтар дәл осы вакцинамен егілгісі келетін шығар. Сондықтан бұл азаматтарға мүмкіндік беруіміз қажет», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Үкімет отырысында сондай-ақ, Алматыдағы экологиялық жағдай да назардан тыс қалмай, екінші жылу электр орталығын жаңғырту мәселесі қарастырылды. Қасым-Жомарт Тоқаев энергия кешені мен қоршаған ортаны қорғауды дамытуға басымдық беру қажеттігін атап өтіп, жаңа бу-газ қондырғысының құрылысын бастау керектігін тілге тиек етті. Бұл жобаны орындау мерзімі 2026 жылдың соңына дейін деп белгіленіп, бірінші кезеңі 2023 жылы аяқталуы қажет деген нақты тапсырма берілді. Еске сала кетсек, бұған дейін де Мемлекет басшысы Үкіметке «Самұрық-Қазына» ұлттық компаниясымен бірлесіп, екінші жылу электр орталығын газға ауыстырудың құнын және оны техникалық жаңғыртудың шешімін түпкілікті айқындауды тапсырған болатын.

Аяулым Көлжігіт, «Алматы» телеарнасы