Елімізде коронавирус індеті күннен-күнге үдеп барады. Бүкіл әлемді дүрліктірген коронавирус індетін тоқтатудың жалғыз жолы – жаппай вакцина алу. Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мақпал Мыса Almaty.tv тілшісіне берген сұхбатында айтты.
«Өздеріңіз білесіздер, еліміздегі ахуал күрделеніп бара жатыр. Індет жұқтырғандар көбейді. Солардың арасында жақындарымыз, көз таныстарымыз бір айдан астам уақыттан соң әрең жазылып шықты. Халық осы жағдайды түсінуі керек. Былтыр бәріміз шетінен ауырдық. Бұл оңайлықпен жеңетін ауру емес екенін түсіндік. Алғаш уақытта үрей болып, психологиялық соққы алған кезіміз де болды. Мұндай жағдайды қайта болдырмас үшін, вакцинаның қажет екенін саналы түрде түсінгеніміз абзал», – деді депутат.
Сонымен қатар, коронавируске қарсы антидененің жоғары болуына қарамастан, вакцина алғанын айтты.
«Мен өзім маусымда вакцина алдым. Себебі былтыр ауырғандықтан, антиденеге тапсырып көруді жөн санадым. Нәтижесі жоғары болды, мені бұл антидене әлі де қорғайды деген ниетпен соңына дейін күттім. Бірақ іссапарлар басталып, ел аралайтын болған соң, ойлана келе вакцина алуды жөн көрдім. Вакцинадан соң індеттің жеңіл өтетініне сенемін. Сол үшін бәріміз екпе алайық. Қазір жан олжа болып тұрған заман. Денсаулығымызды күтейік. Эпидахуал өршіп кетпей, тез қамданайық дегім келеді», – деді Мақпал Мыса.