Елімізде қоғамдық иммунитет толығымен қалыптасуы үшін тағы 4,5 миллион адам егілуі қажет. Бұл шешім Республикалық коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысында қабылданды. Ал қараша айының соңында қайталап вакциналау басталатыны хабарланған еді. Осы ретте, мамандар ревакцинаның жаңа штамдарға қалай әсер ететінін мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бас дәрігер Алексей Цойдың мәлімдеуінше, елімізде COVID-19 вирусын жұқтыру деңгейі 30 пайызға төмендеген. Енді алдағы уақытта эпидахуал өршіп кетпес үшін коронавируспен күрес ең негізгі 5 бағытта жүрмек. Ол үшін әрине, алдымен вакциналау науқаны жаңа қарқынмен жалғаспақ.
Бүгінде екпенің толық курсынан 7 миллионнан аса отандасымыз өтіп үлгерді. Алайда бұл жеткіліксіз дейді мамандар. Жаңа меже – 11 миллион 400 мың. Яғни, халықтың 60 пайызы толық егілуі қажет. Бұл – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы. Сондықтан елде толық қоғамдық иммунитетті қалыптастыру басты назарда тұр.
Халықтың денсаулығын нығайту үшін ревакциналау да қолға алынып жатыр. Қараша айының соңында басталатын қайта егу науқаны алдымен вируспен күресте алдыңғы шепте жүргендерден басталатыны айтылды. Осы ретте иммунолог мамандар ревакциналауда екі екпенің қолданылуы дұрыс дейді. Себебі, бірі өлімнен құтқарса, екіншісі - жаңа штаммдарға қарсы тұрады екен.
«Иммундық жүйе – өте күрделі жүйе. Бірнеше тараулары бар, бірнеше механизмдері бар. Соларды неғұрлым жұмысқа жұмылдыру керек. Егер векторлы вакцина тек «S» антигеніне қарсы иммунитетті қалыптастырса, онда «М-РНК» немесе «ДНК» вакцинасы, өлтірілген вакциналар « QazVac» сияқты, олар басқа да антигендеріне иммунитетті шақырады. Сөйтіп біз жан-жақты вирусты толығымен қоршап аламыз. Оған ешқандай мүмкіндік бермей, көбеюін, ағзаға патогендік әсер етуін шектейміз», – деді С. Ж. Асфендияров атындағы ҚАЗҰМУ жалпы иммунология кафедрасының меңгерушісі Эльмира Битанова.
Мамандар вакциналау – бейбіт өмірге тезірек оралудың басты кепілі дейді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәлімдеуінше, осы екпенің арқасында әлемде COVID-19 вирусын жұқтыру деңгейі 7%-ға төмендеген. Мәселен, коронавирустан көз жұмғандар саны ең көп тіркелген Үндістан бүгінде кеселді еңсеруге шақ тұр. Тіпті, 2 жастан асқан балаларды егуді бастамақ. Ал кеше ғана 30 мың науқас тіркелген Түркияда 10 миллионнан аса халық ревакциналанып үлгеріпті. Онда барлығы 84 миллионға жуық халық бар.
«Біздің елде ревакциналау қарқынды жүріп жатыр. Жалпы, халқымыздың 70 пайыздан астамы толық екпе алған. Қазір біздің мамандар отандық екпе жасауда соңғы зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Оның нәтижиесі жақсы көрсеткішке ие. Енді сол вакцинаны қазан айында жаппай өндіру жоспарланып отыр», – деді стамбулдық Джеррахпаша университетінің ректоры Нури Айдын.
Ал елімізде эпидахуалдың тұрақталуына байланысты бизнес нысандарының қызмет уақыты өзгермек. Енді жұмыс кестесі «Ashyq» қосымшасындағы мәртебеге байланысты жүзеге асады. Сондай-ақ, Қазақстан тағы екі елдің вакциналау құжатын мойындады. Енді Филиппин мемлекеті мен Үндістан азаматтары елге еш қиындықсыз кіре алмақ. Карантин уақытында шекарадан азаматтарымызға туыс болып келетін шетелдіктердің де өтуіне рұқсат етілді.
Аяулым Көлжігіт, «Алматы» телеарнасы