Коронавирус пандемиясы келесі жылы да жалғасуы мүмкін. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері мәлімдеді. Себебі, экономикалық жағдайы нашар мемлекеттер әлі де екпені толыққанды алмаған. Ал Қазақстанда вакцина жеткілікті. Еліміздің бас санитар дәрігері Ерлан Қиясов бүгін Pfizer екпесін егу бойынша жаңа қаулы қабылдады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Елге қараша айының соңында келетін Pfizer егудің өзіндік реті болады. Ең бастысы, бұл тізімге тағы бір топ қосылып отыр.
Бұған дейін Денсаулық сақтау министрі Pfizer-дің 4 миллион дозасы жеткізілген соң алдымен 12 жастан жоғары оқушылар ата-ананың рұқсатымен егілетіні туралы хабарлаған еді. Екінші кезекте аяғы ауыр әйелдер тұр. Жаңа ереже бойынша, бұл санаттағыларға екпе жүктіліктің 16-шы аптасынан бастап, 37-ші аптаға дейін егілмек. Аталған тізімде бала емізетін келіншектер де бар. Бүгінде Алматыда халықтың бұл топтарын иммундауға қызу дайындық жұмыстары басталып кеткен. Тіпті, жаңа екпені алуға рұқсат етілген алғашқылардың тізімі де дайын. Тек вакцина алуға ерікті түрде келіссе болғаны.
«Алдағы уақытта қала бойынша жұмыс істеп тұрған 137 егу пунктінде Pfizer вакцинасын егу жұмыстары жүзеге асырылады. Ең бірінші кезекте, 12 жастан 18 жасқа дейінгі мектеп оқушылары егіледі. Ал бұл тізімде мегаполистегі 174 600 бала тұр. Екінші кезекте, бала емізетін 67 000 әйел мен 20 500 аяғы ауыр келіншектерге салынады», – деді Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Нариман Табынбаев.
Сондай-ақ, бас санитар дәрігер Ерлан Қиясов осыдан екі күн бұрын карантин шараларының жеңілдеуі бойынша қабылданған қаулыға қол қойды. Енді демалыс күндерінен бастап, бизнес нысандарының жұмысы «Ашық» қосымшасымен қатаң қадағаланады.
Мұндай шешім елде эпидахуалдың тұрақталуына байланысты қабылданған еді. Науқастар қатары Алматыда да бәсеңдеуде. Бұл туралы мегаполистің бас санитары Жандарбек Бекшин хабарлады. Бұған дейін жаз айларында күніне 1700-ге жуық адам сырқаттанса, бүгінде бұл көрсеткіш 309 науқасқа төмендеген. Соның нәтижесінде, ауруханаларда төсек орындарының санын қысқартуға мүмкіндік туды. Одан бөлек, жедел жәрдемге түскен жүктеме де біршама жеңілдеп отыр. Бірақ індетті ең көп жұқтыратын жер қоғамдық орындар болып тұр.
«Қазіргі уақытта жұқтырудың негізгі орындары – сауда нысандары, ол 35 пайызды құрайды. 10 пайызы базарларда жұқтырып жатыр. Қоғамдық көлікте – 24 пайызы. Отбасылардағы байланыстарда – 20 пайыз. Сырқаттанушылықты одан ары төмендетуді қамтамасыз ету мақсатында тағы да халықты жедел вакцина алуға және қоғамдық орындар мен қоғамдық көліктерде бетперде режимін сақтауға шақырамын», – деді Алматы қаласының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин.
Жандарбек Бекшин қалада әлі де сақтық шараларына басымдық берілетінін алға тартты. Себебі, көрші Ресейде коронавирус өршіп, жағдай ушығып барады. Ал Алматыда халықаралық рейстер жұмыс істеп тұр. Мәселен, бүгін тек Ресейден 2 ұшақпен 353 жолаушы келген. Көпшілік «Ресей азаматтары елге жаңа штамм әкелуі мүмкін бе?» деп алаңдауда. Бірақ ведомство бұл мәселе бүгінде қолға алынғанын айтады. Енді әуежайда барлық шетел азаматтары тепловизрмен сканерленіп, қатаң тексеріс шаралары жүзеге асырылмақ.
«Қазақстанға халықаралық рейспен келген барлық азаматтарда COVID-19-ға тапсырған ПТР-сынаманың нәтижесі болуы керек және мерзімі 3 күннен аспауы қажет. Ал 5 жасқа дейінгі балалардан ешқандай анықтама талап етілмейді. Олардың тек ата-аналарынан немесе бірге жолға шыққандардан тиісті құжаттар сұралады. Сондай-ақ екпе алғандар тек вакциналау құжатын көрсетсе болғаны», – деді ҚР ДСМ СЭБК Алматы қаласы әуежайының көліктегі санитарлық-карантиндік бақылау бөлімінің басшысы Рыскүл Мирманова.
Ал дүниежүзілік денсаулық сақту ұйымы барлық мемлекеттердің екпені толыққанды алуы қажет екенін тағы да ескертуде. Себебі, әлем халқы толық вакциналанбаса, пандемияның бітетін түрі жоқ дейді.
Аяулым Көлжігіт, «Алматы» телеарнасы